Түркі тілдес ел – Тыва. Ресейдегі ең кедей аймақтың тұрғындары қалай өмір сүреді?

Тыва – Ресей құрамындағы түркі тілдес елдердің бірі. Оңтүстігінде Моңғолиямен шектеседі. Қазақстанның шығыстағы шекарасына жақын. Халқының саны 320 мың шамасында. 2020 жылы Тыва астанасы Қызыл Ресейдегі ең қауіпті қала деп танылды. Жан басына шаққанда кісі өлтіруден бірінші орында тұр. Республика кедейшілік жөнінен де көзге түседі. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Ресейдің ең кедей өңірі болған. Осыған қарамастан сайлау кезінде Ресей президенті Владимир Путин мен республика басшысы Шолбан Кара-оолға бірауыздан дауыс береді. Сибирь.Реалии сайтының тілшісі Қызыл қаласында бір күн болып, өңірдегі қылмыс деңгейінің жоғары болу себебін, халық билікті қолдайды деген ақпараттың рас-өтірігін білмек болды.

"КЕШЕ МҰНАРА ЖАҚТА ТАҒЫ БІРЕУДІ ӨЛТІРІП КЕТІПТІ"

Қызыл қаласына Мәскеуден ұшақпен бес сағатта, көрші Абақаннан автобуспен алты сағатта, Красноярск өңірінен 14 сағатта жетуге болады. Пойызбен жету мүмкін емес, өйткені Тываға темір жол тартылмаған. Темір жол салу жобасы бірнеше мәрте сәтсіз аяқталған. 2013 жылы жоба инвесторларының бірі өзін банкрот деп жариялауды сұраған, 2020 жылы темір жол құрылысы қайта қолға алынған кезде жаңа концессионерге қаржы мен пандемияға байланысты жұмыс күші жетпей қалған.

Таңғы 7 шамасында Қызыл вокзалы мен оған жақын орналасқан "Монгулек" қонақ үйінің маңында бір әйел Тыва тілінде сөйлеп, ішімдік сататын дүкеннің жабық тұрған темір есігін ұзақ тепкіледі. Сәл арыда оны әрі-бері теңселген ер адам күтіп тұрды. Көп ұзамай екеуі қонақ үй ғимаратына кіріп кетті. Шақырған такси тез келді. Жолаушы орнында бір қыз отыр.

Қызыл қаласының орталығы.

– Төрт адам болсақ қайтер едіңіз? – деді такси жүргізушісі қойылған сұрақты қайталап. – Енді… Бәрі артқы орындыққа отырар еді. Көліктің артына бес адам отырған кездер де болған. Бауырым, бұл Тыва, үйрене бер!

Такси 20 минутта Воскресенский шіркеуіне апарып тастады. Шіркеу аумағында орналасқан қонақүй ашық екен. Тыва тұрғындарының көбі буддизм дінін ұстанады, бірақ Қызылда православ шіркеулері де аз емес. Қаладағы қауіпті орындардың бірі саналатын барактар ауданынан 300 метр жерде орналасқанына қарамастан, қонақүй мен оның айналасында мүлгіген тыныштық орнаған. Жалпы алғанда, 120 мың халқы бар Қызылда тыныш әрі қауіпсіз аудан жоқ. Такси жүргізушілері түнгі шабуылдардан қорқып, жанына адам алып жүруді әдетке айналдырған. Қызыл кейінгі жылдары 100 мың адамға шаққандағы кісі өлтіру бойынша Ресей қалаларының көшін бастап келеді. 2019 жылы қалада 100 мың адамға шаққанда 35, 2020 жылы 45 кісі өлтіру оқиғасы тіркелген. Бұл Ресейдегі орташа көрсеткіштен бірнеше есе жоғары.

– Кеше мұнара жақта тағы біреуді өлтіріп кетіпті. Негізі қалада жүру қорқынышты әрі қауіпті. Кешкі уақытта, тіпті, кейде күндіз де үйден шыққанда жан-жағыңа қарап, тасада ешкім тұрмағанына көз жеткізуің керек. Жұмыс жоқ. Адамдар ішеді, сосын не істейді? – дейді қала тұрғыны Лариса Чамул.

Лариса Чамул.

– Балаларыма "Сәл де болса жақсы өмір сүргілерің келсе, Саянның ар жағына кетіңдер" дедім. Красноярск пен Новосибирскіде жұмыс бар. Путинге қалай қарайтынымды сұрайсыз ба? Мен оны естіп жүр дейсіз бе… Қазір теледидар қарауды қойдым, өйткені онда бос уәдеден басқа ештеңе айтылмайды. Қызықпаймын, болды… Адамдар шаршады.

"ЕШ СЕБЕПСІЗ ӨЛТІРІП КЕТУІ МҮМКІН"

Қызылдағы қылмыстық ортаның қалай қалыптасқанын әркім әртүрлі түсіндіреді. 2016 жылдан бері әлемді аралап жүрген саяхатшы Максим Власов Тывада бірнеше рет болған. Ол тывалықтар қонақжай халық екенін, бірақ аузына ішімдік тисе, агрессияға жол беретінін айтады.

– Жергілікті картель өкілдері көшеде келе жатқан адамды оп-оңай кепілге алатын Гондурас пен Сальвадор сияқты елдердің өзінде астананы еркін араладым. Бірақ Тывада қараңғы түскеннен кейін Қызыл қаласының орталығына да шықпас едім. Орталық Америкадағы қарақшылардың логикасы түсінікті: "гринго" (шетелден келген, қалталы саналатын азамат) болғаның үшін ғана басың бәлеге қалуы мүмкін.

Қызыл қаласының тұрғындары.

Тыва Ресейде қарақшылық пен тонау қылмыстары бойынша да бірінші орын алады: 100 мың адамға 64,4 қылмыстан келеді.

Қызылда "Риск" дейтін газет шығаратын Сергей Конвиз қылмыс деңгейінің жоғары болуын әлеуметтік жағдайдың төмендігімен байланыстырып, "адамдар кедей тұрады, олардың қолында айырылып қаламын деп қорқатын дүниесі жоқ" деп түсіндіреді.

– Кешкісін бәрі үйінде отырады. Еш жаққа бармайды, көше кезіп жүрмейді. Қонақта болса, үйіне қайту үшін такси шақырады. Екі квартал әрі тұратын үйі жақын адамдар да солай істейді. Кез келген адамды еш себепсіз өлтіріп кетуі мүмкін. Орыс бола ма, жас бола ма немесе қарт бола ма – бәрібір. Өлтіреді де кетеді. Такси де әрдайым қорған бола бермейді, – дейді Конвиз.

Тывадағы қылмыс ішіп алған адамдардың пышақ ұстаған төбелесімен ғана шектелмейді. Одан бөлек, жеңіл есірткі саналатын гашиш өсіріп, оны сату ісі де жолға қойылған. Саудагерлер есірткіні солтүстіктегі Красноярскіге апарып, ары қарай Хакасия арқылы транзитпен шетелге жібереді. Қызылда бұзақылық фактілері де жиі кездеседі.

Үй алаңындағы бункер. Қызыл қаласы.

"ТЫВАДА МИТИНГ БОЛУЫ МҮМКІН"

Қызылдың орталығында федералды бюджеттен бөлінген қаржыға салынған театр, мұражай мен жастар орталығы орналасқан. Енисейдің айналасына әдемі жағалау салынған. Оған жақын маңда қымбат қонақ үй бар. Қыста жағалауға көп адам бармайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ішіп алған адамдардың төбелесі қаланың шетінде ғана емес, орталығында да жиі болып тұрады.

– Үйсіз қалған, көшеде түнейтін адамдар көбейді. Аудандардан келген адамдар осы жағалауда отырады. Көбі қайда барарын білмейді. Оларды наркологияға жатқызу керек. Бірақ наркологияда да орын жоқ, – дейді Қызыл қаласының тұрғыны Айдын Саая.

Қызыл қаласындағы Спутник ауданы.

Статистикаға қарағанда, билікке Шолбан Кара-оол келгеннен кейін Тыва елдегі ең кедей өңірге айналған: 2019 жылы кедейлік деңгейі 40 пайыздан асып, жұмыссыздық деңгейі 20 пайызға жеткен. Өңірді 2007 жылдан бері басқарып келе жатқан Кара-оол "Тыва – Ресейдің ең кедей ауданы" деген сөзбен келіспейді.

– Ресейдің статистика комитеті кедейлер санатына кімдерді қосқанын мұқият қарап көрейік. Қазіргі әдіс бойынша, табысы күнкөріс деңгейінен (айына 11 мың рубль немесе 62,7 мың теңге) төмен адамның бәрі кедей саналады. Бұл әдіс билікті жұмыссыздар қатарына қиын жағдайда қалған адамдарды ғана емес, жеке шаруашылығы бар азаматтарды да қосуға мәжбүрлейді. Қазір Тывада шамамен 40 мың отбасы жеке шаруа есебінде мал өсірумен айналысады, – деді Кара-оол.

Тывадағылардың көбі республика аудандарында мал шаруашылығымен айналысып, жақсы өмір сүріп жатқан адамдар бар екенін жоққа шығармайды. Бірақ өңірдегі кедейлікті жасыру мүмкін емес, ал адамдардың әл-ауқаты республика басшысымен жақындығына байланысты.

Кара-оолдың көп туысы жоғары шенді қызметкер болып істейді немесе бизнеспен айналысады. Мысалы, республика басшысының бұрын есірткі өндірісі үшін жауапқа тартылған туған ағасы Леонид бюджеттік мекемені де (спорт мектебі), мемлекеттен тапсырыс алатын күзет агенттігін де басқарады. Шолбан Кара-оолды билікке Сергей Шойгу әкелген деп айтады. Қызылдың орталығындағы тоғыз қабатты үйдің қабырғасына Шойгудың портреті салынған.

Қала орталығындағы үйдің қабырғасына салынған суретте Сергей Шойгу бейнеленген.

– Тывадағы халықтың мүддесі ескерілмейді. Бәрі республика басшысы үшін жасалады. Экономика, саясат, туризм – бәрі соның мүддесімен байланысты. Бәрі соның қолынан өтеді. Өңір басшысына 100% жуық дауыс берген аудандар бар. Бұл қалай болуы мүмкін… – дейді Саая.

Тываны Шешенстанмен жиі салыстыруға екі түрлі себеп бар: екі өңірде де оппозиция жоқ, ал сайлауда халық қазіргі билікке адал екенін көрсетеді. 2020 жылы Тывада сайлаушылардың 97% Конституцияға ұсынылған өзгерістерге қолдау білдірген. 2018 жылы өткен президент сайлауында өңір халқының 91% Путинге дауыс берген. Басқа мысалдар да бар: 2021 жылы Қызыл қаласы премьер-министр Михаил Мушистиннің келуіне дайындалған. Жергілікті билік мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен екі сенбілік өткізген. Олар қар жинап, қоршаудың сыртын бояған.

Қызыл қаласындағы Шанхай ауданы.

2019 жылы Ресейдің ЛДПР және КПРФ партиялары Тыва Жоғарғы хуралының сайлауы кезінде дауыс беру нәтижесі бұрмаланғанын мәлімдеді. Олардың дерегінше, "Единая Россия" бақылаушылар болмаған сайлау учаскелерінде бақылаушылар болған учаскелерге қарағанда екі есе көп дауыс жинаған. Жергілікті "Тәуекел" газетін шығарумен айналысатын Сергей Конвиздің айтуынша, 2021 жылы жергілікті шенеуніктерге мемлекеттік дума мен Тыва басшысын сайлау кезінде халықтың билікке адал екенін көрсету қиынға соғады. Дауыс беру қорытындысы тағы да бұрмаланса, Тывада наразылық басталуы мүмкін. Өйткені халық Кара-оолдың 14 жылға созылған билігінен әбден шаршаған.

– Тывадағы митингті елестетуге бола ма? Әрине, болады. Өйткені сайлау жақындап келе жатыр. Мысалы, біз үшін Навальный бөтен адам. Бұл жақта Навальныйдың штабы, активі жоқ. Бірақ мәселе мұнда емес. Өңір халқы қазіргі билікті жақтамайды. Сондықтан халықтың қолдауын қолдан құрастырады, – дейді Сергей Конвиз.