8 желтоқсанға қараған түні Ресей әскері Украинадағы Чернигов, Сумы және Днепропетровск облыстарын атқылады. Бір кісі қаза тауып, 15 адам жараланған. Бұл туралы Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі хабарлады.
Чернигов қаласында дрон шабуылынан көпқабатты тұрғын үйдің терезелері мен газ құбыры зақымданып, үш адам жараланған, олардың біреуі ауруханаға жеткізілді. Құтқарушылар газ құбырындағы өртті сөндірген.
Сумы облысының Ахтырка қаласында Ресей шабуылы салдарынан тоғыз қабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан бесінші қабатына дейінгі аралықтағы пәтерлер өртенген. "Өрт сөндірумен қатар құтқарушылар 35 тұрғынды эвакуациялады. Тағы жеті адам, оның ішінде бір бала, бүлінген бөлмелерден шығарылды", — деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі.
Сумы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Григоровтың сөзінше, Ахтыркада жеті адам зардап шеккен, олардың екеуінің жағдайы — орташа ауыр. Оның мәліметінше, үй қатты бүлінген. Дабыл жарияланғаннан кейін тұрғындардың бір бөлігі жертөлеге түсіп үлгерген.
Днепр қаласында Ресей шабуылы салдарынан әкімшілік ғимарат өртеніп, үш көпқабатты тұрғын үй мен бірнеше автокөлік бүлінген. Кривой Рог ауданында бір ер адам қаза тапқан, ауыл шаруашылығы кәсіпорны, жеке үй және газ құбыры бүлінген.
Днепропетров облысының Павлодар (Павлоград) ауданында ресейлік шабуыл салдарынан төрт адам жараланған, арасында 14 жасар жасөспірім бар; Никополь ауданында 13 жастағы қыз зардап шеккен. Екі бес қабатты үй, өнер мектебі мен автокөліктерге зақым келген.
Украина қарулы күштері Әуе күштерінің мәліметінше, 8 желтоқсанға қараған түні Ресей әскері Украинаға әртүрлі типтегі 149 ұшқышсыз аппаратпен шабуыл жасаған, олардың 131-ін Украина күштері атып түсірген.