Ресей вице-премьері: "Достық" құбырымен тасымалданатын Қазақстан мұнайы басқа бағытқа жіберілмек

Ресей вице-премьері Александр Новак Германияға "Достық" құбыры арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайы техникалық шектеулерге байланысты басқа логистикалық дәліздерге жіберіледі деп мәлімдеді. Оның сөзінен ТАСС агенттігі үзінді келтіреді.

"1 мамырдан бастап, "Достық" құбыры арқылы бұған дейін Германияға жөнелтіліп келген Қазақстан мұнайы басқа, бос логистикалық бағыттарға жіберіледі. Бұл қазіргі техникалық мүмкіндіктерге байланысты" деді ол.

Оның сөзінше, Ресей жағы Қазақстанмен тиісті келіссөз жүргізген.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та қазақстандық мұнайды Германияға тасымалдауды тоқтату туралы шешім "техникалық себептермен" байланысты екенін айтты.

Германия жағы да ақпаратты растаған. Бірақ Мәскеу бұл жөнінде ресми түрде Берлинге хабарламаған.

Ақпаратқа қарағанда, Шведтегі мұнай өңдеу зауытындағы мұнайдың шамамен 17 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді және алдағы өзгерістің зауыт жұмысына аса үлкен әсері жоқ.

Бұған дейін Ресей 1 мамырдан бастап "Достық" құбыры арқылы Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізуді тоқтатыны белгілі болған еді. Қазақстан энергетика министрінің хабарлауынша, Ресей Қазақстанға “Достық” құбыры арқылы мұнай экспорттауды тоқтататынын ресми түрде хабарламаған.

Совет кезінде төселген әлемдегі ең ірі мұнай құбырларының бірі "Достық" құбырының оңтүстік тармағы арқылы Ресей мұнайы Словакия, Венгрия, Чехияға тасымалданса, солтүстік тармағы арқылы Беларусь, әрі қарай Польша арқылы Германияға тасымалданады.