Ресейде 18 қыркүйекте үш күндік мемлекеттік дума депутаттарын сайлау ресми түрде басталды. Сайлау бір мезетте 39 аймақта өтеді, оған қоса 8 аймақ басшылары сайланады.
Украинамен шекаралас кейбір аймақтарда дауыс беру мерзімінен бұрын басталды: Курск облысында – 15 қыркүйекте, Краснодар өлкесінің кейбір бөліктерінде – 14 қыркүйекте, Белгород облысының кейбір бөліктерінде – 13 қыркүйекте және Брянск облысындағы Клинцыда 11 қыркүйекте дауыс беру басталды.
Жұма күні таңертең сайлаушыларды учаскеге топтап жеткізу жөнінде хабар пайда болды. Депутаттықтан үміткер Вячеслав Дюков Красноярскіде бюджет қызметкерлерін учаскеге жаппай жеткізгенін хабарлады.
Осыған ұқсас хабарламалар елдің түрлі аймақтарында пайда болып жатыр.
Түмен облысында дәріханаларға йод пен зеленканы көп мөлшерде сатпауға ұсыныс берген. 2024 жылы президент сайлауы кезінде кейбір сайлаушылар қарсылық белгісі ретінде дауыс беру жәшігіне зеленка мен өзге де сұйықтықтарды шашқан еді. Сол кезде кемінде 16 қылмыстық іс қозғалған.
Мемлекеттік дума сайлауына 10 партия қатысып жатыр. Жалпы 450 депутаттық мандат үлестірілмек: 225 – партиялық тізім бойынша, 225 бір мандаттық округ бойынша. Сайлауға дейін Жоғарғы сот соғысқа қарсы шыққан жалғыз саяси ұйым "Яблоко" партиясын сайлаудан шеттеткен. Бірқатар аймақтағы бір мандатты округта да партия кандидаттары сайлауға қатыстырылмады.
Ресейлік оппозициялық ұйымдар дауыс берудің түрлі стратегиясын ұсынып жатыр. Жемқорлықпен күрес қоры "Единая Россиядан" бөлек басқа кез келген партияға дауыс беруге шақырды. "Яблоко" партиялық тізім бойынша бюллетеньдерді жарамсыз қылуды ұсынды. Еркін Ресей форумы сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Ресейдің соғысқа қарсы комитеті сайлаушыларға қандай да бір әдісті ұсынудан бас тартты.