Ресейде мемлекеттік дума депутаттарын сайлауға дауыс беру аяқталды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі. Дауыс беру 18-20 қыркүйек аралығында өтті, бірқатар шекаралас аймақтарда мерзімінен бұрын дауыс беруге рұқсат берілді. Мемлекеттік дума сайлауымен қатар көптеген аймақта жергілікті сайлаулар да өтті.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) алдын ала мәліметі бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 56,66% қатысқан. 2021 жылғы парламент сайлауында сайлаушылардың 51,72% дауыс берген еді.
ОСК төрайымы Элла Памфилова бюллетеньдердің 13,9% саналғаннан кейін алынған алғашқы деректерге сүйеніп, биліктегі "Единая Россия" партиясы 57,54% дауыс жинап, алда келе жатқанын хабарлады. Екінші орында 13,67% дауысқа ие болған Ресей федерациясының коммунистік партиясы (КПРФ), ал ЛДПР 9,2% дауыспен үшінші боп тұр, одан кейінгі орындарда "Новые люди" (7,96%) және "Справедливая Россия" (5,16%) партиялары келе жатыр.
Тағы бес партия 5 пайыздық межеден аспағандықтан мемлекеттік думаға өтпейді.
Бұған дейін Ресейдің 69 аймағындағы 1755 сайлау учаскесінде экзит-полл жүргізген ВЦИОМ ұйымы "Единая Россия" партиясы 49,4%, КПРФ – 14,2%, ЛДПР – 10,7%, "Новые люди" – 9,7% және "Справедливая Россия" 6,6% дауыс жинаған деп хабарлаған еді. ВЦИОМ сауалнамасына қатысқандардың 1,5 пайызы сайлау бюллетенін бүлдіргенін айтқан.
ОСК 3 миллионнан астам адам электронды дауыс беруді таңдағанын хабарлап, оның ресми деректерін жариялады. Оған сәйкес, "Единая Россия" 50 пайыздан сәл аз дауыс жинаған. 15 пайыздан артық дауыс алған "Новые люди" екінші орында.
Шетелдегі сайлау учаскелерінде "Прогресс" және "Весна" қозғалыстарының тәуелсіз бастамашыл топтары жүргізген экзит-полл қорытындыларына сәйкес, шетелде тұратын ресейліктердің көбі "Новые люди" партиясына қолдау білдірген. Бұл партия Нидерландыда – 57%, Сербияда – 63%, Германияда – 37%, Чехияда – 49%, Францияда – 39% және Польшада – 50% дауыс алған.
Украинадағы соғысты тоқтатуды және саяси тұтқындарды босатуды ашық талап еткен жалғыз саяси ұйым – "Яблоко" партиясы бұл сайлаудан шеттетілді. Ресейдің Жоғарғы соты "авторлық құқықты бұзды" және "шетелден қаржыландырылды" деген айыптаулар бойынша "Яблоко" партиясының сайлау тізімін тіркеу туралы шешімнің күшін жойған. Партия бұл айыптаулар негізсіз және партияны қудалаудың саяси астары бар деп санайды. Бұған қоса Ресей соттары бір мандатты сайлау округтерінен түскен "Яблоко" партиясының кандидаттарының үштен бір бөлігін сайлаудан шеттетті. Олар негізінен әкімшілік заңның "экстремистік символдарды көрсету" деген бабы бойынша қудаланды. Мысалы, Алексей Навальный туралы мақаланың қайта жариялануы немесе кандидаттың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында көп жыл бұрын Motorhead тобының жетекшісі, рок-әнші Леммидің мойнына пруссиялық крест тағып тұрған фотосуреті жарияланғаны әлгіндей айып тағуға ілік болған.
Мемлекеттік дума сайлауына дауыс беру өткен үш күнде "Яблоко" мен КПРФ бақылаушылары өздеріне бірнеше рет кедергі жасалғанын, оларды сайлау учаскелерінен шығарып жіберуге немесе дауыс беру жәшігіне және бюллетень санауға жолатпауға тырысқанын айтып шағынды.
ОСК сайлаудың алдын ала қорытындысын 21 қыркүйек күні жариялауы тиіс.