Ресейде отын тапшылығы тұсында Краснодар өлкесінде мұғалімдерді жанармай станцияларын күзетуге мәжбүрлеп жатыр. Олардың міндеті жанармай алу үшін кезекке тұрған халықты сабырға шақыру, кезекті реттеуге көмектесу. Динский ауданының әкімшілігі мектептерге осындай нұсқаулық жіберген.
Педагогтар демалыс кезінде жанармай станцияларына барып, тәртіпті қадағалауға тиіс. Сол үшін оларға тегін шәй мен кофе беріледі.
Жергілікті пабликтерде мұндай нұсқаулық мұғалімдерді ашуландырды. Арсыз жұмыс берушілер туралы мәлімет жариялайтын "Антиджоб.нет" телеграм-арнасы мынадай комментарий жариялады.
"Біз, жас мұғалімдер, тіпті 50 келі салмағымыз да жоқ, жанармай станциясындағы ашулы адамдарды сабырға келтіруге тиіс екенбіз. Тегін әрі міндетті, ал сұрақ қойсаң, Құдай сақтасын, жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін" деп жазды.
«Живая Кубань» басылымының тілшісі аудандық білім басқармасына хабарласқан. Басқарма өкілдері ақпаратты терістеп, бірақ "мұғалімдердің өздері әсіресе, ер адамдар өз еріктерімен жанармай станциясын күзетуге сұранғанын" айтқан.
"Ешкім біреуді күзетуге мәжбүрлеп жатқан жоқ. Әсіресе, әйелдерді. Ер адамдар ерікті болуға сұранып жатыр, себебі жанармай станциясындағы жағдай оларға да қатысты. Сондықтан өз еріктерімен күзетуге барып жатыр. Арасында әйелдер жоқ" деді басқарма өкілі.
Псков облысында да жанармай станцияларын күзететін "еріктілер" іздестіріліп жатыр. "Еріктілер" жүргізушілерге жанармайды сату ережелерін түсіндіріп, ондағы кезекті реттеуге көмектесуі керек. Хабарландыруда бұл қызметі үшін ақы төленетіні, төленбейтіні айтылмаған.
"7x7" басылымының жазуынша, Карелия, Мордовия, Орлов, Нижегородск, Липецк, Псков, Астрахань және Кировск облыстарында көліктердің нөмірінің тақ немесе жұп санына қарап, бензинді сату жүйесі енгізілгені жөнінде SMS-хабарлама таратылған. Иркутск облысының билігі жанармай станцияларындағы кезекті реттеу үшін электронды кезек жүйесін енгізуді ұсынған.
Пермь әкімшілігіне жанармай тапшылығы тақырыбы бойынша митинг өткізу туралы өтініш берілген. Наразылық жөнінде басқа ақпарат жоқ.
«Новая газета Европа» мен Vox-Harbor жобасының есебінше, 2026 жылдың 1 мамырынан бері Telegam желісінде отын тапшылығы туралы 6,6 мың жазба және 39,7 мың комментарий жарияланған.
Отын тапшылығы туралы ақпараттың алғашқы толқыны 6, 12 және 22 мамырда Нижний Новгород, Ярославль және Пермь мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдардан кейін пайда болды. Бензин тапшылығы туралы жаңалықтар 29 мамырда айтарлықтай көбейді. Ол кезде Қырым билігі әрбір көлікке АИ-95 бензинін 20 литрдан артық сатпау туралы шектеу қойған. Мәскеуге ірі дрон шабуылы жасалғаннан кейін 18 маусымнан бастап Telegram-да отын тапшылығы қатты талқыланған.
Қолданушылардың пікірлеріне қарағанда, дағдарыс Украинаның оккупацияланған аумақтарында, Мәскеу мен Мәскеу облысында, сонымен бірге Ресейдің оңтүстігінде қатты сезіліп отыр: бірінші орында аннексияланған Қырым тұр, одан кейін Мәскеу, өзі республика жариялап алған «Донецк халық республикасы», Краснодар өлкесі, Ростов пен Мәскеу облыстары тұр.
Ресей билігі бензин, дизель және авиаотынды экспорттауға тыйым салды. Ресей вице-премьері Александр Новак өзге елдерден отын тасымалданып жатқанын, сапасы төмен мұнай өнімдер есебінен қосымша өндіріс көлемі артқанын хабарлады.
Reuters-тің жазуынша, Ресейдегі бензин өндірісі қазіргі кезде маусымдық сұраныстың тек 65%-ын ғана қанағаттандырады.