Ресейде Орталық Азиядан барған мигранттар қатысқан жаппай төбелестен 20 адам зардап шеккен

Көрнекі сурет

Ресейдің Ленинград облысы Киров ауданы Приладожский ауылындағы Синявинская құс фабрикасында Орталық және Оңтүстік Азия елдерінен барған мигранттардың қатысуымен жаппай төбелес болған.

"Фонтанка" басылымы Ресей ішкі істер министрлігінің Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша басқармасының дерегіне сүйеніп, қақтығысқа шамамен 60 адам қатысқан деп жазды. Төбелес салдарынан зардап шеккен 20 адам ауруханаға жеткізілген, олардың жетеуі ауыр халде екені айтылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, Ресейге Орталық және Оңтүстік Азиядан барған мигранттар арасында тәжікенің аяғы жаппай төбелеске ұласқан.

Полиция төбелеске белсенді қатысқан деп саналатын 21 мен 39 жас аралығындағы 12 шетелдік азаматтан жауап алып жатыр деп жазды басылым.

Қақтығысқа қатысқандар нақты қай елдің азаматтары екені жайлы әзірге ақпарат жоқ.