Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді тоғызыншы шақырылымдағы Ресей мемлекеттік думасы сайлауы табысты өтуімен құттықтап жеделхат жолдаған. Бұл туралы 21 қыркүйек күні таңертең Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратта Қазақстан президенті сайлауды Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға деп атап, "дауыс беру нәтижесі Ресейдің ұзақмерзімді мүддесін қорғауға бағытталған Владимир Путиннің стратегиялық бағдарын халық кеңінен қолдайтынына айқын дәлел болғанын" айтқан.
"Сайланған Мемлекеттік дума депутаттары азаматтардың әл-ауқатын көтеру және Ресейдің әлемдік держава ретіндегі әлеуетін нығайту мақсатында тиімді шаралар мен шешімдер қабылдайтынына күмән жоқ", – деген Тоқаев құттықтау хатында.
Ресейде 18-20 қыркүйек аралығында Мемлекеттік дума депутаттарын сайлауға дауыс беру өтті. Ресей Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) алдын ала мәліметі бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 56,66% қатысқан. 2021 жылғы парламент сайлауында сайлаушылардың 51,72% дауыс берген еді.
Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқалы бері алғаш рет өтіп отырған бұл парламент сайлауына тек билікшіл партиялар ғана қатысты. Украинадағы соғысты тоқтатуды және саяси тұтқындарды босатуды ашық талап еткен жалғыз саяси партия – "Яблоко" бұл сайлаудан шеттетілді. Бұған қоса Ресей соттары бір мандатты сайлау округтерінен түскен "Яблоко" партиясының кандидаттарының үштен бір бөлігін сайлаудан шеттетті.
Ресей Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) 21 қыркүйек таңертеңгі мәліметі бойынша, бюллетеньдердің 83,52 пайызы саналғаннан кейінге дерекке сай, сайлаушылар дауысының 57,82 пайызына ие болған "Единая Россия" алда тұр.
Екінші орында 13,84% алған Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы (КПРФ) Либералдық-демократиялық партия (ЛДПР) 8,77% дауыспен үшінші орында, ал одан кейін 7,07% дауыс алған "Новые люди" партиясы тұр.
"Справедливая Россия" партиясы әзірге 4,99% дауыс жинап тұр, парламентке өту үшін 5 пайыздық межені еңсеруі керек. Тағы бес партия 5 пайыздық межеден аспағандықтан мемлекеттік думаға өтпейді.
Бұған дейін Ресейдің 69 аймағындағы 1755 сайлау учаскесінде экзит-полл жүргізген ВЦИОМ ұйымы "Единая Россия" партиясы 49,4%, КПРФ – 14,2%, ЛДПР – 10,7%, "Новые люди" – 9,7% және "Справедливая Россия" 6,6% дауыс жинаған деп хабарлаған еді. ВЦИОМ сауалнамасына қатысқандардың 1,5 пайызы сайлау бюллетенін бүлдіргенін айтқан.
Ресей Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын 21 қыркүйекте жариялауға тиіс.