Ресейдің Челябинск қаласындағы аудандық сот биыл АҚШ-та "Оскар" сыйлығын жеңіп алған "Путинге қарсы шыққан беймәлім адам" ("Господин Никто против Путина") деректі фильмін Ресейде көрсетуге тыйым салды. Бұл туралы "Медиазона" хабарлады.
Бұл фильмде Челябинск облысы Қарабаш қаласындағы №1 мектепте педагог-ұйымдастырушы болып жұмыс істеген Павел Таланкин 2,5 жыл бойы түсірген бейнематериалдар пайдаланылған. Онда Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс бастағаннан кейін мектептерде "Маңызды әңгімелер" деген атаумен өткізілген насихат сабақтары көрсетіледі.
Фильм продюсері Алжбет Караскова Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбатында Таланкин деректі шығармаға Ресейде болған кезде кіріскенін айтты. Ол түсірген материалдарын түрлі амал тауып, режиссер Девид Боренштейнге жіберіп отырған.
Таланкин 2024 жылы Ресейден кетіп қалған. Ол түсірген деректі фильмнің премьерасы "Сандэнс" фестивалі кезінде қойылды. Ресейдегі билікшіл бұқаралық ақпарат құралдары деректі фильм Оскар жүлдесін жеңіп алғаны жөнінде жұмған аузын ашқан жоқ.
Сотта сөйлеген прокурор фильм билікке және "арнайы әскери операцияға" (Ресей билігі Украинаға қарсы соғысты осылай атайды) қарсы теріс көзқарас қалыптастыруды көздейді деп мәлімдеді. Оған қоса фильмде Ресейде "экстремистік символика" деп танылған ақ-көк-ақ түсті ту бірнеше рет көрсетілгені сотта айтылды.
Фильм биыл АҚШ-та беделді "Оскар" сыйлығын жеңіп алғаннан кейін Ресей президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңес Америкалық киноакадемия мен ЮНЕСКО-ға хат жолдап, фильмде бала құқықтары қаншалықты сақталғанын тексеруді сұраған. Егер балалардың кескін-келбетін пайдалануға ата-ананың келісімі болмаған жағдайда, кеңес фильм этика және құқық стандарттарына "сәйкестігін" қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды "Настоящее Время" арнасы.