Ресейде Қазақстан азаматын Украинаға тыңшылық жасады деп айыптап отыр

ФСБ

Қазақстан азаматы Роман Беловқа Ресейде "Украинаға тыңшылық жасады" және "экстремизмді қолдады" деген айып тағылып отыр. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының ақпаратына қарағанда, ФСБ-ның Орынбор облысы бойынша басқармасының тергеу бөлімі іс бойынша тергеуді аяқтады.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Қазақстанның Қазандағы консулдығы дипломаттары Беловпен кездесуге тырысқанын хабарлаған. Алайда Беловтың тергеу изоляторынан жазған хатына қарағанда оларға қазақстандықпен кездесуге рұқсат бермеген.

Роман Белов 47 жаста. Ол Байқоңырда татуаж салумен айналысқан. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 2025 жылы қарашада оны "фитнес-орталықты әрлеуге көмектес" деп алдап, Орынборға апарған. Өткізу бекетінде басына қара қап кигізіп, асфальтқа құлатып, ұрып-соққан, бұдан соң тергеу изоляторына жеткізген. Содан бері 11 айдай уақыт жертөледегі жалғызадамдық камерада отыр.

Ресей тергеушілерінің болжамы бойынша, Белов белгісіз адамға қандай да бір кесте берген. Қылмыстық іс құпияланғандықтан тағылған айыптың қаншалықты негізді екенін тексеру мүмкін емес.

Тамызда құқық қорғаушыларға Беловтың оқиғаны сипаттап жазған хаты тиді. Олар мұны youth.kz басылымына берген. Белов онда өзін қалай ұстағанын жазады.

«2025 жылдың 18 қарашасында "Ресей қарулы күштері туралы ақпаратты Украина арнайы қызметінің өкілдеріне жеткізу мақсатында жинады және тыңшылық жасады" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Мен таңғалғаннан мырс етіп едім, бірден мені жан-жақтан соққылады. Айыптауды жоққа шығарып, мұны істемедім деп айттым. Басымнан ұрды, сонда да жоққа шығара бердім. "Өмір бойы түрмеде отырасың..." деп қорқыта бастады, қорлады, намысыма тиді. Егер мойындамасам, әйелім түрмеге түсетінін, кем дегенде балаларым балалар үйіне жіберілетінін айтты»

Беловтың сөзінше, тергеушілер оны белгісіз біреуге кестені жібергенін мойындатуға тырысқан, тоқпен азаптаған.

«Артқы жақтағы біреу кісен арқылы маған тоқ соқтырып, екіншісі қолымды керді. Қатты қиналып, қорыққандықтан айғайладым. "Жібергеніңді мойындайсың ба?" деп тағы сұрады. "Жоқ" деп едім, тағы қайталады. Бұл жолы тоқ қуатын көбейткендей болды. Оң көзім ағып бара жатқандай болды, бірақ із қалмады. "Жібергеніңді мойында" деп айқайлады. Талып бара жатқанымды сезіп, жібергенімді мойындаймын деп айқайлап жібердім. Тек сол кезде бәрі тоқтады».

Белов ұсталғаннан кейін онымен азаматтық некеде тұратын әйелдің пәтерін Ресей ФСБ өкілдері тінткен. Оның жолдасы – Ресей азаматы. Ерлі-зайыптының кішкентай балалары бар. Күштік құрылым өкілдері дербес компьютер, Z әрпі сызылған күртешесі мен Адольф Гитлердің заңды шығарылған биографиясын тәркілеген.

Белов ұсталғанға дейін құқық қорғаушылардың сөзінше, ол Байқоңырда Украинада соғысқан, оған көрші тұратын Ресей азаматымен жанжалдасып қалған.

Мемлекет тағайындаған адвокат, Беловтың сөзінше, жазаны жұмсарту үшін айыпты мойындауға кеңес берген. Қазақстандықты кінәлі деп таныса, 10-20 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін.