Ресейде қазақстандық студент "терроризмді ақтау ісі" бойынша 2 жылға сотталды

Петербург соты Қазақстаннан барған студент Гарри Азарянды "терроризмді ақтау" ісі бойынша кінәлі деп танып, қоныстандыру колониясына жіберді. Бұл жөнінде "Медиазона" жазды. Прокурор студентке үш жыл түрме жазасын беруді сұраған.

Азарян өзіне тағылған айыпты мойындап, соттан өзінің ісін ерекше тәртіппен қарауды сұраған, судья бұл өтінішін қанағаттандырған.

Тергеу болжамынша, 2025 жылы қаңтар мен ақпан айларында "Жұмысшылар билігі" ұйымының съезінде Азарян "терроризмді ақтайтын ұран" көтерген.

«Ротонда» жазуынша, қылмыстық істе Азарянның студенттердің бейресми жиынында сөйлеген сөзі бар, ол жерде жігіт "революция, таптық өшпенділік, көшенің күші" жөнінде айтқан.

Азарян бұрын Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің саясаттану факультеті магистратурасының бірінші курсында оқитынын айтқан. "Ихи-охи" (шотланд тілінен аударғанда "анда да емес, мында да емес") би үйірмесін жүргізген.

Қарағандыда тұратын Азарянның анасы Юлия Кучеренко "Власть" басылымына айыптау ұлының "Жұмысшылар билігі" ұйымының жиынында сөйлеген сөздерінен құралғанын, оның өңделуі мүмкін екенін айтқан.

"Ресейлік БАҚ әлдебіреудің ұйымға мүше болып, кездесулердің стенограммалары мен жазбаларын жасағанын жазды, олардың бірінде менің ұлым да сөз сөйлеген. Бірақ бұл кездесулер – террористердің жасырын орны емес қой. Бұл ашық пікірталас алаңы. Оған қатысуға шақырулар «Жұмысшылар күші» телеграм- арнасында жарияланды" деді студенттің анасы.

"Жұмысшылар билігі" ұйымы жөнінде былтыр сәуірде мемлекеттік БАҚ жазған. Ол кезде Петербург мемлекеттік университетінің кіре берісіндегі ескерткішке "Ғылым өлді" деген жазуы бар Минерваға (ежелгі римдіктердің "даналық құдайы") ұқсас манекен ілінген еді. Мемлекеттік БАҚ-тың дереккөздерінің айтуынша, "Жұмысшылар билігі" бұл Ұлыбританиядан басқарылатын-мыс жұмыс істемейтін ауқаттылардың балаларынан құралған студенттік топ.