Ресейде Жанна Немцова сырттай 4 жыл түрмеге кесілді

Жанна Немцова

Мәскеудің Замоскворецкий аудандық соты саясаткер Борис Немцовтың қызы Жанна Немцованы «жағымсыз» ұйымның қызметін ұйымдастырды деп айыптап, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде сот залынан «Медиазона» тілшісі хабарлады. Оған Ресей Қылмыстық кодексінің 284.1-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылды.

Жанна Немцованың өзі қылмыстық іске 2015 жылы Германияда құрған Борис Немцов (Boris Nemtsov Foundation for Freedom) қорындағы жұмысы түрткі болғанын жазған. Ресей билігі бұл қорды 2024 жылғы сәуірде «жағымсыз» ұйым деп таныған.

Айыптау жағының айтуынша, Немцова ұйымды қаржыландырып, оның жұмысын жүргізген, сонымен бірге «Ресейде болып жатқан түрлі оқиғаларға теріс баға берген».

2026 жылғы шілде айының соңында Мәскеудің Замоскворецкий аудандық соты осы қылмыстық іс бойынша оны сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған. Ал қыркүйекте халықаралық іздеу жариялаған.

2026 жылғы қыркүйекте Ресейде Немцова басқаратын тағы бір ұйым — Демократия мен либерал құндылықтар қоры (Foundation for Democracy and Liberal Values) да «жағымсыз» ұйымдар тізіміне енгізілді. Қазан айында Ресей әділет министрлігі Жанна Немцованы «шетел агенттері» тізіміне қосты.

Ресей оппозициясы жетекшілерінің бірі болған Борис Немцов 2015 жылғы 27 ақпанда Мәскеу орталығындағы Үлкен Москворецкий көпірінде қастандықпен өлтірілді. Оның өліміне тапсырыс бергендер әлі күнге дейін анықталған жоқ. 2015 жылдың жазында Жанна Немцова Ресейден кетті.