Өткен айда Мәскеудің оңтүстік-шығысында орналасқан Рязань қаласында "Россия 1" телеарнасының жергілікті өкілдігі алты кандидат арасында телевизиялық дебат өткізбек болды. Алтауы да Ресей парламентінің төменгі палатасы – Мемлекеттік дума сайлауына түсіп отыр. Сайлау осы аптаның аяғында өтеді.
Бір қызығы, дебатқа бірде-бір кандидат келмеді.
Телеарна келесі күні тағы оқталды.
Тағы да ешкім көрінбеді.
Рязаньдағы бұл жайт – Ресейдегі көңіл-күйдің шағын ғана көрінісі. 2022 жылы Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастаған елде содан бері алғаш рет парламент сайлау өтпек. Бұл соғыста қаза тапқан немесе жарақат алған ресейлік сарбаздар саны 1,5 миллионнан асып қалды, ал Ресейдің өзі полицей-мемлекетке тән авторитаризмге қарай бет алып келеді.
Сірә, Мемлекеттік дума сайлауы әділ өтеді дегенге сенетіндер көп емес. Владимир Путин мен оның әкімшілігі бұл институтты мөр басатын мекемеге айналдырғалы парламент сайлауы демократиялық науқан болудан әлдеқашан айныған.
Бірақ олай болса билікке сайлаудың қажеті не? Бұл науқан Ресейдегі ахуал мен Украинадағы соғыс жайлы қандай белгі береді?
18 қыркүйек күні басталатын сайлау қарсаңында мына бес нәрсеге назар аударған жөн.
Ресейде Украинадағы соғыстан және экономикадағы қиындықтардан шаршағандар көп.
Соғыс кезіндегі (егемен) демократия
Бұл соғыс басталғалы алғашқы парламент сайлауы болғанымен, бұған дейін президент сайлауы өткен еді.
Ресейді 1999 жылдан бері де-факто басқарып келе жатқан Путин 2024 жылғы президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Өзге партиялардан түскен үш кандидат формалды түрде оппозиция болғанымен, іс жүзінде Кремльдің айтқанынан шықпайтын адамдар болатын.
Сайлау қарсаңында нәтиженің қандай болатынына ешкім күмәнданбады.
Алайда дауыс беру нәтижесінің ішінде өзге де көрсеткіштер бар еді. Ол көрсеткіштерді Путин тұсында ішкі саяси жүйенің легитимді сипатын сақтауға жауапты ықпалды орган – президент әкімшілігі мұқият бақылады.
Сол көрсеткіштердің бірі сайлаушылардың дауыс беруге қатысуы болатын. Қатысу деңгейінің төмен болуы электораттың енжарлығын білдіреді. Ал мұндай енжарлық Кремль мен саяси жүйе легитимдігі үшін қауіпті.
"Бұл сайлау Кремль үшін маңызды, өйткені ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын формалды түрде заңдастыруға мүмкіндік береді. Ол үшін халықтың Кремль ұстанған милитаристік саяси бағытты әлі де қолдайтынын көрсету керек" деді Азаттыққа Лондондағы Chatham House сараптама орталығының зерттеушісі Наталья Ковалёва.
"Кремль бір жағынан халықтың соғысқа деген қолдауын алғысы келеді, екінші жағынан сайлаудың наразылық пен соғыстан шаршаудың көрінісіне айналып кетпегенін қалайды".
Мобилизацияның жаңа толқыны бастала ма?
Билік Украинадағы соғысқа әскер жинау үшін тағы бір мобилизация жариялай ма? Сайлау қарсаңында ашық айтылмай жүрген негізгі сұрақ осы.
2022 жылғы күзде Путин 300 мыңдай ер азаматты әскерге алу туралы жарлыққа қол қойғанда елде дүрлігу байқалды. Басында көбіне әскери дайындықтан өткен запастағы азаматтар шақырылғанымен, жүздеген мың адам жаппай шетелге қашты.
Украинадағы соғысқа қатысты деген Ресей сарбаздары Қызыл алаңдағы Жеңіс парадында шерулетіп барады. 9 мамыр
Содан бері төрт жыл өтті, ал Ресей әскерінің қатары сиреп келеді. Ұлыбританияның лауазымды әскери шенеунігі өткен аптада кемі 500 мың сарбаз қаза тапқанын айтқан. Басқа дереккөздер кемі 1 миллион адам ауыр жарақат алғанын, көбі майданға орала алмайтын жағдайда екенін мәлімдеген.
Одан кейін билік жоғары жалақы мен жәрдемақыны ұсынып, әскер қатарына еріктілерді тартып жүрді. Кей жағдайда үкімет ұсынған төлемдер бір жылғы жалақыдан асып жатты. Сарбаз соғыста қаза тапқан жағдайда жесірі мен өзге де жақындарына төленетінін қаражат та елеулі болатын.
Бірақ көп ұзамай аймақтағы бюджетте тапшылық байқалып, жергілікті басшылардың мойнына түскен қаржылай салмақ ауырлап кетті. Сөйтіп әскерге өз еркімен баратындар саны азайды. Ал Украина Ресейге қарсы соққыларын бәсеңдете қойған жоқ.
Кейінгі айларда Путин соғысты үдеткісі келетіні, Дума сайлауынан кейін тағы бір мобилизация жариялайтыны жайлы қауесет қатты тарады.
"Әзірге мобилизацияны қажет қылатын ешқандай сценарий жоқ" деді Путин осы айдың басында Владивостокта өткен инвестициялық форумда.
Мұндағы айнымалы – "әзірге" деген сөз.
"Бұл сайлау – соғыс пен Кремль саясатына қатысты жалпыұлттық плебисцит" дейді Eurasia Group ұйымының директоры әрі Вашингтондағы Center for European Policy Analysis орталығының сарапшысы Александр Коляндр.
"Екінші жағынан, бұл – бюрократия қалыпты жағдайды ұстап тұруға қаншалық қабілетті екенін көрсететін жалпыұлттық сынақ. Мен мұнда жалпы бюрократияны айтып тұрмын. Оның ішіне жергілікті басшылар мен мұғалімдерге дейін бәрі кіреді. Олар барлығын ойдағыдай етіп өткізуге дайын ба – сайлау соны көрсетпек" деді Коляндр өткен аптада өткен дөңгелек үстелде.
Сайлауға түскен соғыс ардагерлері
Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – науқанға көптеген соғыс ардагері қатысып жатыр.
Кремль әскер қатарына ерікті түрде қосылған ер азаматтарға қыруар қаражат беру арқылы бұл топты өз жақтастарының маңызды бөлігіне айналдырған.
Украинадағы соғысқа қатысып, тірі қалып, еліне оралған жүздеген мың ер адам мемлекеттік деңгейде мадақталып, үлкен көлемде жәрдемақы алды. Олардың кейбірі – ауыр қылмысы үшін сотталып, әскер сапына қосылуға келіскен соң түрмеден босаған адамдар.
Бұл жолғы Дума сайлауына Кремль соғыс ардагерлерін көбірек тартып жатыр.
Екі жыл бұрын премьер-министрдің бірінші орынбасары Сергей Кириенконың басшылығымен президент әкімшілігі "Батырлар уақыты" дейтін бағдарлама бастады. Бұл бағдарлама аясында соғыстан қайтқандар бюрократ немесе саясаткер сияқты бұқаралық қызметке даярланатын болды.
Путин оларды Ресейдің "жаңа элитасы" деп атады.
Бұл бағдарламаның нәтижесі бұлыңғыр болып шықты.
Дей тұрғанмен, Дума сайлауына кемі 200, жергілікті сайлауға 1400 соғыс ардагері қатыспақ.
Кремльді алаңдататын мәселелердің бірі – осы соғыс ардагерлері. Мәскеу Ауғанстан соғысынан кейінгі жағдай қайталана ма деп алаңдайды. Совет одағы бастаған бұл соғыс аяқталғанда мыңдаған сарбаз елге оралып, үлкен әлеуметтік мәселеге айналған.
Дауысты кім санайтыны маңызды
Ресейдегі сайлау науқандары бірнеше жылдан бері жіті бақылауда.
Бұған дейінгі сайлауларда тәуелсіз байқаушылар дауыс санау кезіндегі көптеген бұрмалау әрекеттерін әшкере еткен. Билік дауыс санаумен бірге дауыс беру процесінде де заңсыз амалдарға жүгінетіні дәлелденген: "карусель" әдісін қолданған, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерді белгіленген кандидаттарға дауыс беруге мәжбүрлеген.
Қазір сайлауды тәуелсіз байқаушылар бақылай алмайды. Билік Ресейдегі ең танымал ұйымдардың бірі "Голостың" қызметіне тыйым салды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық институттар мен Еуропа немесе АҚШ-тағы саяси партияларға қатысы бар ұйымдарды бірталай жыл бойы сайлауға жолатпай отыр.
Алексей Навальный негізін қалаған Жемқорлықпен күрес қоры сияқты саяси ұйымдар да заңсыз деп танылып, елден қуылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Жемқорлыққа қарсы бітіспес күрескер және Кремльдің ашық жауы. Алексей Навальный кім еді?"Әрине, кей өңірлерде олар ешқандай қарсылыққа тап болмай, қалаған нәтижесіне қол жеткізеді" деді "Голос" ұйымының бұрынғы тең төрағасы Станислав Андрейчук "Настоящее Время" телеарнасына. "Ал кей өңірлерде олар қалаған нәтижесін ала алмайды, өйткені онда оларға қажет кандидаттар тобы жоқ".
"Билікте өзі қалаған нәтижені алуға барлық мүмкіндігі бар екені анық" дейді саясаттанушы Руслан Айсин.
Елде тәуелсіз сауалнама жүргізу қиын болғанымен, кей зерттеулер соғысқа деген, Путиннің өзіне де қолдау елеулі деңгейде әлсірегенін көрсетіп отыр.
Путиннің өзі Дума сайлауының бюллетенінде жоқ. Бірақ ол қолдап жүрген "Единая Россия" партиясы беделінің түскеніне қарамастан жеңіске жетеді деп болжанып отыр.
Ал оппозиция ше?
Ресей билігі "егемен демократия" дейтін тұжырымдаманы ұстанады. Бұл "басқарылатын демократия" идеясының бір түрі. Бұл жүйеде билік мақұлдаған оппозициялық партиялар ғана сайлауға қатыса алады.
Сөйтіп сайлау науқандарына "Коммунистік партия" сияқты "жүйелі оппозиция" топтары ғана жіберіледі. Олар билікке қарсы тұрушы ретінде көрінгісі келгенімен, іс жүзінде өкімет ұсынған заңдарды қолдап отырады.
Бұдан бөлек либерализм жаршысы саналатын "Яблоко" партиясы бар. 2000 жылдардың ортасынан бері Думада мандаты болмаған бұл партия қоғамдағы қарсылық буын шығару тетігі ретінде қызмет атқарып келеді. Мәселен, соғысқа қарсы ресейліктер өз наразылығын осы партияға дауыс беру арқылы білдіре алады.
Бірақ осы жолы билік оған да жол бермеді. Өткен айда Мәскеу соты қисыны жоқ арыз-шағымдарды негізге ала отырып "Яблоко" партиясын Дума сайлауынан шеттетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Клондар сайысы: Ресейде сайлау қарсаңында аттас кандидаттар тіркеліп жатыр"Біз "Яблоконың" өзі салыстырмалы түрде аз ғана сайлаушының атынан өкілдік ететінін түсінеміз. Бірақ олардың ұстанымы өте көп адамды біріктіреді" деді Азаттыққа саяси белсенді, оппозициялық қызметі үшін түрмеде отырып шыққан Андрей Пивоваров.
"Бәлкім жұрт бұған дейін "Яблоко" жайлы естімеген немесе бұл ұйымның өзін қолдамаған болар, бірақ партияның "Бейбітшілік пен еркіндік үшін" дейтін ұраны үлкен сұранысқа ие. "Яблоко" – соғысқа қарсы шыққан жалғыз партия. Ол – барлық дерлік оппозициялық күштерді жұмылдырған жалғыз партия" дейді саяси белсенді.
Содан бері бірнеше аймақта "Яблоко" кандидаттарын жергілікті сайлауға да қатыстырмай қойды.
Билік сондай-ақ екі жыл бұрын президент сайлауына түспек болған Борис Надеждинге де қысым көрсетті. Ол 2024 жылғы президент сайлауына соғысқа қарсы ұранмен түспек болған. Бірақ ол кезде оны кандидат ретінде тіркемей қойды. Надеждин осы жолы да сол ұранмен парламент сайлауына қатыспақ еді.
Биыл жазда күш құрылымдары оның үстінен бірнеше қылмыстық іс ашты. Ал Надеждиннің өзі өткен айда Ресейден кетіп, қазір Францияда тұрып жатыр.
"Жүйелі емес" саяси ұйымдарға Путиннің кейінгі жылдардағы басты қарсыласы атанған Алексей Навальныйдың қоры да кіреді. Оның жесірі Юлия Навальная бұл істі жалғастырып, қазір елден тыс эмиграцияда жүрген Ресей оппозициясының басқа да танымал өкілдерімен бірге жұмыс істеп келеді.
14 қыркүйекте Навальная мен оппозицияның тағы бір танымал өкілі Максим Кац Украинаға қарсы соғысқа қарсылығын білдірген кандидаттардың тізімін жариялап, соларды қолдайтынын мәлімдеді.