Украина президенті Владимир Зеленский өткен бір апта ішінде Ресей әскері Украина аумағына 1700-ден астам әскери дрон, 1380-нен аса басқарылатын авиациялық бомба және түрлі үлгідегі 69 зымыран ұшырғанын мәлімдеді. "Қазір Ресейдің басты нысанаға алып отырған нысандары — біздің энергетикамыз, маңызды инфрақұрылым және тұрғын үйлер", — деп жазды ол өз Telegram-арнасында. Сондай-ақ Зеленский Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйелеріне арналған зымырандарды жеткізудің маңызын ерекше атап өтті.
Сенбі күні Ресейдің Киевке жасаған шабуылынан кейін қалада 1676 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалғанын Киев мэрі Виталий Кличко хабарлады. Оның айтуынша, 24 қаңтардағы шабуыл салдарынан жалпы саны шамамен алты мың үй жылу жүйесінен ажыратылған. "Настоящее Время" басылымы дерегінше, бұл үйлердің басым бөлігі 9-шы және 20-қаңтардағы шабуылдардан кейін жылуға екі рет қосылған немесе қосуға әрекет жасалған нысандар болған.
Украинаның әуе күштері таратқан ақпаратқа сәйкес, жексенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаға 102 дрон мен екі зымыран ұшырған. Оның 87-сі залалсыздандырылған. "15 әскери дрон 10 нысанға дәл тигені, сондай-ақ бір локацияда атып түсірілген дрондар құлағаны тіркелді", — делінген украин әскери күштері жариялаған хабарда.
25 қаңтарға қараған түні Ресей әскері Днепропетровск облысындағы Никополь қаласына артиллериялдан шабуыл жасады. Облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Ганжаның айтуынша, шабуыл салдарынан көпқабатты тұрғын үй мен газ құбыры зақымданған. Никополь ауданында сондай-ақ инфрақұрылым нысаны, жеке тұрғын үйлер, электр желілері мен газ құбырлары бүлінген.