Ресейдің Ижевск қаласындағы кәсіпорынға дрондар шабуылдап, салдарынан үш адам қаза тауып, 45 адам зардап шекті, ауруханаға түскен 35 адамның алтауы ауыр халде, деп жазды Удмуртия аймағының басшысы Александр Бречалов 1 шілде күні Telegram-парағына. Бречалов шабуыл нақты қай кәсіпорынға жасалғанын айтқан жоқ.
"Росавиация" мекемесі Ижевск қаласының әуежайы уақытша жұмысын тоқтатқанын хабарлады.
Украинаның қауіпсіздік қызметі 1 шілде күні жасалған дрон шабуылы Ижевскідегі "Купол" электромеханика кәсіпорынын нысанаға алғаны жөнінде ақпарат таратты.
Сейсенбіде әлеуметтік желілерде Ижевскідегі зауытқа дрон шабуылы жасалған сәттен түсірілген деп сипатталған видеолар тарады.
"Алмаз-Антей" концерні құрамына кіретін "Купол" зауыты Ресей қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша "Тор-М2Э" зенит-зымыран кешендерін және "Гарпия-А1" әскери дрондарын жасап шығарады.
2023 жылғы желтоқсанда "Купол" зауыты АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгізілген.
Ижевск – Ресейдегі ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі, атап айтқанда, қалада "Калашников" компаниялар тобына кіретін кәсіпорындар орналасқан.