Ресейдің Кореядан мұнай өнімдерін импорттауы: Киев реакция білдірді

Сеул

Ресей 2026 жылдың шілдесі мен тамыз айларында Оңтүстік Корея порттарынан 176 мың тоннадан астам мұнай өнімдерін импорттаған, бұл Мәскеуге украин дрондары Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын соққылағаннан кейін туындаған отын дағдарысын еңсеруге көмектескен. Бұл жөнінде 6 қазанда Украина президентінің санкция саясаты жөніндегі уәкілі Владислав Власюк Facebook-та жазды.

Власюктың айтуынша, тамыз айында Ресей импорттаған мұнай өнімдерінің 31%-ы Оңтүстік Кореядан келген. Шенеуніктің сөзінше, мұнай өнімдерін Батыс санкциясына ілінген танкерлер де тасымалдаған.

"Бұл ауқымды басқыншылық басталғаннан кейін Оңтүстік Корея қабылдаған санкция саясатына мүлдем қарама-қайшы" деді Власюк.

Reuters агенттігі украин шенеунігінің бұл мәлімдемесі Сеул мен Киев арасындағы дипломатиялық дау кезінде айтылғанына назар аударады. Мұндай дау өткен айда Украина президенті Владимир Зеленский екі солтүстіккореялық әскери тұтқын Оңтүстік Кореяға берілгенін айтқаннан кейін басталды. Сеулдің пікірінше, бұл жайт құпия сақталуы керек болған.

The Guardian сейсенбі күні порт құжаттары мен кемелерді бақылау деректерін талдап, көрсетілген мұнай өнімінің көлемі Оңтүстік Корея порттарында жеті танкерге тиелгенін, олардың кейбірі Ұлыбритания мен ЕО санкциясына ілінгенін жазған.

Владислав Власюк The Guardian басылымындағы сандарды келтірді деп атап өтті Reuters. Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігі Сеул «Украинадағы соғысты тоқтату және бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша жаһандық күш-жігерді қолдайтынын және белсенді қатысатынын» мәлімдеді.

"Важные истории" басылымының мәліметі бойынша, Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігі санкцияға ілінген кемелердің мұнай өнімдерін тасымалдағаны жайлы ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартып, тек ел "Ресейге қатысты экспорттық бақылау шараларын қатаң сақтайтынын" мәлімдеді.

Ресей жағы бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.