8 қазанда Украинаның Краматорск қаласына Ресей күштері әуеден жасаған шабуыл салдарынан қаза тапқандар саны 33 адамға жетті. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде 18 адам жараланған. Донецк облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Вадим Филашкин Ресейді жолаушылар мінген екі автобусты қасақана нысанаға алды деп айыптады.
Оқиға таңертеңгі сағат 10-дардың шамасында болған. Донецк облыстық прокуратурасының дерегінше, жолаушы таситын екі автобусқа әуеден бомба түскен. Ресейлік күштер жаңартылған УМПБ Д-30 СН басқарылатын авиабомбаны қолданған болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Филашкин мен прокуратура таратқан фотосуреттерде екі автобус та күл-талқан болып, толықтай жанып кеткені көрінеді.
Донецк облысының басшысы тұрғындарды Украинаның қауіпсіз аймақтарына дереу көшуге шақырды.
Шабуылдан соң Филашкин Краматорск пен Славянск қалаларының әскери әкімшіліктеріне қоғамдық көлік қатынасын тоқтатуды тапсырған.
"Ресейдің үздіксіз атқылауы мен эвакуация салдарынан халқының бір бөлігі ғана қалған, майдан шебінің іргесіндегі Краматорск үшін қала ішінде күнделікті жүріп-тұрудың өзі қатерге айналған. Мұнда адам онсыз да аз. Алайда ішінде бейбіт жолаушылары бар азаматтық көліктің өзі ресейлік террордың нысанасына алынып отыр" деп мәлімдеді Краматорск қалалық әкімшілігінің жетекшісі Александр Гончаренко.
Украина билігі мен халықаралық ұйымдар Ресей армиясының Украина қалалары мен азаматтық инфрақұрылымын атқылауын Ресей Федерациясының соғыс қылмысы ретінде бағалап, оларға мақсатты түрде шабуыл жасалатынын айтады. Ресей тарапы бейбіт нысандарға қасақана шабуыл жасағанын жоққа шығарып келеді.