Ресейдің Украинаға жаппай әуе шабуылынан 10-нан астам адам қаза тапқан

Ресей күштерінің әуеден жасаған шабуылынан қираған көпқабатты үйдің қасында жүрген құтқарушылар. Днепр қаласы, Украина, 2 маусым, 2026 жыл.

Ресей әскері 2 маусымға қараған түні Украинаға, соның ішінде Киевке жаппай әуе шабуылын жасады. Бұл Ресей СІМ Украина астанасына "жүйелі шабуылдар" басталатыны жайлы мәлімдегеннен кейінгі алғашқы ірі шабуыл. Алдын ала дерек бойынша, шабуыл салдарынан 10-нан астам адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланған.

Украина әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей 73 зымыран мен 656 дрон ұшырған. Киевтің мәліметінше, әуе қорғанысы күштері 40 зымыран мен 602 ұшқышсыз аппаратты атып түсірген.

Ресей қорғаныс министрлігі нысанаға Украинаның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары, әскери мақсатта пайдаланылатын отын және көлік инфрақұрылымы, сондай-ақ әскери аэродромдар алынды деп мәлімдеді.

Кейінгі мәліметтер бойынша, Днепр қаласында тоғыз адам қаза тауып, 30-дан астамы жараланған. Мұндай деректі облыс әкімшілігі басшысы Александр Ганжа мен мемлекеттік төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет хабарлады. Қаза тапқандар арасында үш жасар бала мен өртке қарсы күрес қызметінің өкілі бар.

Киев мәрі Виталий Кличко қалада төрт адам қаза тауып, 60-тан астамы (төртеуі - бала) зардап шекті деп хабарлады.

Украинаға жасалған әуе шабуылының салдары туралы бейнекадрлар жариялаған ел президенті Владимир Зеленский Еуропа елдері мен АҚШ-ты Украинаға баллистикалық зымырандарға қарсы қорғаныс жүйелерін беруге тағы да үндеді.