20 тамыз күндіз Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі ресейлік шабуылдардан 13 кісі қаза тауып, 40 шақты адам жараланғанын хабарлады. Бұған дейін қаза тапқандар саны 12 адам деген ақпарат тараған. Кейінірек Соломенск ауданындағы қираған үйдің орынан құтқарушылар тағы бір адамның сүйегін алып шыққан.
21 тамыз Киевте аза тұту күні деп жарияланды: муниципалдық ғимараттарда жалау төмен түсіріліп, ойын-сауық іс-шараларына тыйым салынады.
Бейсенбіге қараған түні Ресей армиясы Украинаға кезекті рет жаппай әуе шабуылын жасаған.
"Қаланың Дарницкий, Святошинский және Соломянский аудандарындағы 12-ден астам жерде шабуылының салдарынан тұрғын үйлер, медициналық мекеме және білім беру мекемесі зақымдалды", - деп хабарлады Киев қалалық әскери әкімшілігі.
Святошинский ауданында өнеркәсіп нысаны өртенген. Тағы бір жерде 500 шаршы метрлік қоймада өрт шыққан.
Соломен ауданында құтқарушылар тұрғын үйдің сегізінші және тоғызыншы қабаттары қирағанын және өрт жалғасып жатқанын хабарлады. Өзге де тұрғын үйлер мен медициналық мекеменің терезелері сынып, көліктер, гараждар мен дүкенде өрт шыққан.
Әскери-әуе күштері Киев аспанында реактивті дрондар ұшып жүргенін ескертті. Киевтің бірнеше тұсынан қатты жарылыс дауыстары естілген.
Ресей әскері Украина қалалары мен барлық аймақтардағы азаматтық инфрақұрылымға әрқилы қару түрлерін - дрондар, зымырандар, ауыр артиллериялық жүйелер мен дүркіндете ататын зымыран жүйелерін қолданып шабуыл жасап келеді. Украина билігі адамдарды электр қуатынан, жылудан, судан, байланыстан, медициналық көмектен және басқа да маңызды қызметтерден айыру мақсатында маңызды мемлекеттік қызметтер мен денсаулық сақтау мекемелерін нысанаға алуды соғыс қылмысына жатқызады.
Ресей басшылығы өз армиясы Украина қалалары мен ауылдарындағы азаматтық инфрақұрылымға әдейі шабуыл жасап, бейбіт тұрғындарды өлтіріп, ауруханаларды, мектептерді, балабақшаларды, энергетикалық және сумен жабдықтау нысандарын қиратып жатқанын жоққа шығарады.