Ресейлік блогерді жарақаттады деп айыпталған модель Қазақстанға оралды

Гүлсезім Алтайбекова

Бали аралында ресейлік блогер Карина Фадееваны жарақаттады деп күдікке ілінген қазақстандық модель Гүлсезім Алтайбекова еліне оралды. Бұл жөнінде өзі TikTok желісінде хабарлады.

Ол өзін Бали түрмесіне қамады деген ақпаратты терістеді. Оның сөзінше, тараптар бітімге келген.

"Түрмеге қамалды деген ақпарат өтірік. Мен сотталған жоқпын, жаза өтеген жоқпын. Жанжал реттелді, тараптар бітімге келді" деп жазды ол.

Zakon.kz жазуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігі Гүлсезім Алтайбекованың Қазақстанға оралғанын растап, Индонезия полициясы тараптардың бітімге келуіне байланысты істі қарауды тоқтатқанын хабарлады.

5 ақпанда ресейлік блогер Карина Фадеева өзінің телеграм-арнасында Бали соты Гүлсезім Алтайбековаға айыппұл салып, төрт апталық түрме жазасын тағайындағанын жазған еді.

"Іс жабылды, өтемақы мен төрт апталық түрме жазасын берді. Мен кешірдім, ал егер адам одан сабақ алмаса, ерте ме, кеш пе, өмірдің өзі бәрін өз орнына қояды" деп жазды Фадеева.

Оның сөзінше, қазақстандық алдағы уақытта Фадееваға немесе басқа біреуге қарсы заңға қайшы әрекет жасаса, онда бұл оқиға да есепке алынбақ.

Алтайбекова мен Фадеева арасындағы жанжал 10 қаңтарға қараған түні Бали аралының Бадунг ауданындағы барлардың бірінде болған. Ресейлік блогердің сөзінше, өзін ауыр зат тигеннен кейін есінен танып қалған. Басы мен ерні жарылып, ішінара есту қабілетіне де зақым келген.

Тергеу дерегінше, Алтайбекова жанжал кезінде Фадееваға металл шам лақтырған. Қазақстандық модельді Индонезияның құқық қорғау органдары ұстап, елден кетуге тыйым салған. Ізінше сотқа дейін қамаған.

Фадееваның айтуынша, оқиғадан кейін Алтайбекованың өкілдері жанжалды сотсыз реттеуге тырысып, өтемақы ұсынған, бірақ ол одан бас тартқан.

Жанжал болған бардың әкімшілігінің айтуынша, тараптардың арасында дау туындап, дауды Фадееваның құрбылары мен Алтайбекованың жанындағыдар бастаған болуы мүмкін. Бұл ақпарат ресми түрде расталмады.

Бұған дейін Ulysmedia басылымы Қазақстан және Ресей азаматтары арасындағы дау украин музыкасы мен саяси тұжырымдарға қатысты туындаған болуы мүмкін деп топшылаған. Болжам бойынша, Фадеева Алтайбековаға украин музыкасына қатысты ескерту жасаған, ал Алтайбекова оған жауап ретінде "Украина жасасын!" деп айқайлаған. Тараптардың ешқайсысы ақпаратты растамады.