Respublica партиясының басшысы орнында қалды

Respublica партиясының съезі. Астана, 4 шілде 2026 жыл.

Respublica партиясының 4 шілдеде өткен кезектен тыс 5-съезінде делегаттар партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілетін ұзартуды қолдап, дауыс берді.

Өкілетті ұзарту туралы ұсынысты партияның тең төрағасы Сырымбек Тау айтты. Оның сөзінше, Respublica партиясының қазіргі басшысы тұсында қысқа уақыт аралығында "саяси ұйымның аймақта бөлімшелері пайда болып, депутаттық корпус жасақталған, бірқатар заңнамалық бастама көтерген". Партия делегаттары оның ұсынысын қолдады.

2 шілдеде партия құрылтай сайлауына қатысатынын мәлімдеген еді.

Қазақстанда тамызда құрылтай сайлауы өтейін деп отырған тұста бұған дейін Назарбаев кезінен бері саясатта жүрген бірқатар тұлғалар партия басшылықтарынан кеткен еді. Өткен аптада Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан халық коммунистік партиясы төрағалығынан кетті. Оның алдында 2011 жылдан бері “Ақжолды” басқарған Азат Перуашев партия басшылығынан кетті. Назарбаев негізін қалаған, кейін түрліше аталып, Тоқаев тұсында Amanat болған биліктің партиясы бірнеше ай бұрын құрылған “Әділетке” қосылып, “өзін-өзі жойды”.

2023 жылғы парламент сайлауы қарсаңында құрылған Respublica партиясының қазір 200 мыңнан астам мүшелері бар.