АҚШ үндістандық Reliance Industries Ltd компаниясына мұнайды тіке Венесуэладан сатып алуға мүмкіндік беретін лицензия берді. Бұл жөнінде екі дереккөзге сүйенген Reuters жазды.
Reliance қаңтардың басында лицензияға өтініш берген. Құжат Венесуэлада өндірілген мұнайды сатып алуға, экспорттауға, өңдеуге рұқсат береді. Венесуэла мұнайын тіке сатып алу Reliance компаниясына оны Ресей мұнайымен тиімді алмастыруға жол ашады, себебі Каракастың ауыр мұнайы жеңілдікпен сатылады деді агенттік дереккөздерінің бірі.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан мұнайына салған 25 пайыздық баж салығын алып тастаған және Нью-Дели мұнайды АҚШ-тан, бәлкім, Венесуэладан көбірек сатып ала бастайды деп айтқан.
2025 жылдың ортасына қарай Ресей мұнайын Үндістанға жеткізу көлемі тәулігіне шамамен 2 млн баррельге жеткен. Бірақ Reuters дерегінше, үндістандық мұнай өңдеу компаниялары, оның ішінде Reliance та бар, Ресей мұнайын сатып алудан қашқақтайды және бұл ұзаққа жалғасуы мүмкін.
Мұнай өңдеу және сауда саласындағы дереккөздердің айтуынша, мұндай қадам Нью-Делиге Вашингтонмен сауда келісімін жасауға көмектеспек. Ақпан айының басында Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Ресей Үндістан жағынан бұған қатысты хабарлама алмағанын айтқан.
Reuters-тің жазуынша, Ресейдің мұнай және газдан түскен кірісі қаңтар айында 2020 жылдың тамыз айынан бергі ең төмен көрсеткішке (405 млрд рубль) түсіп кеткен. Ол кезде мұнай кірісі пандемияға байланысты қысқарған еді. Жылдық кіріс 25 пайызға дейін (8,44 трлн рубль) азаюы мүмкін деген болжам бар. Десе де, бұл Ресей қаржы министрлігінің болжамына қарағанда (8,65 трлн рубль) азырақ.
Ресейдің шикізат түсімінің азаюына мұнайдың арзандауы мен рубльдің нығаюы себеп деп жазды Reuters. Қараша айында Ресей мұнайының құны рубльмен есептегенде қазан айымен салыстырғанда 17,1% арзандаған.
Оның үстіне былтыр қазанда АҚШ қаржы министрлігі ресейлік ірі мұнай компаниялары – "Роснефть" пен "Лукойлға" санкция салған. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің мұнай компанияларына салынған санкция Ресейдің Украинадағы соғысын аяқтауға әсер етеді деп үміт білдірген.
Санкция Ресейді мұнайды сатуда жеңілдіктер жасауға мәжбүрледі, ал "Лукойлдың" шетелдегі активтеріне қатер төнді. Ресей мұнайын сатып алушылар қытай және үнділік мұнай өңдеушілер Ресей мұнайын жаңа тендерлеріне енгізген жоқ.
2025 жылы қараша айында Владимир Путин Трамппен Аляскада кездескеннен кейін АҚШ ресейлік мұнай компанияларына санкция салады дегенді күтпегенін мойындады.
Ресей бюджеті негізінен мұнай-газдан түскен кірістен құралады.