Reuters: Қытайда Қазақстан мен Ресей шекарасына жақын аумақта аусыл індеті тіркелді

Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігі елдің солтүстік-батысындағы аймақта ірі қара мал арасында аусыл індеті тіркелгенін хабарлады. Reuters ведомствоның дерегіне сүйене отырып, індет Ганьсу провинциясы және Шыңжаң ұйғыр автономия өлкесінде анықталғанын жазды. Аталған өңір Қазақстан және Ресеймен шектеседі.

Ведомствоның хабарлауынша, аусыл аймақтағы жалпы саны 6229 бастан құралған екі табын арасындағы 219 сиырдан анықталған. Ауырған мал жойылған, карантин шаралары енгізілген.

Қытай билігінің хабарлауынша, жануарларда Қытайда пайдаланылатын екпеге төзімді қатты жұғатын штамм анықталған. Олар мұндай штамм Қытайға "шетелден келген" деп санайды.

Қытайда аусыл тіркелгені жайлы хабар Ресейдің Сібір аумағында, оның ішінде Қазақстанмен шектесетін және Қытай шекарасына да жақын Алтай өңірінде ірі қара мал жойылғаны жайлы ақпараттармен тұспа-тұс келіп отыр. Барлығы шамамен 90 мың ірі қара мал жойылған, бұл қоғамда резонанс туғызып, наразылық туындатты. Ресей билігі індеттің таралуын жасырып отырған болуы мүмкін деген де болжам пайда болды.

Бұған дейін бірқатар комментатор бұған аусыл індеті себеп болуы мүмкін деген. Алайда билік пастереллез, құтыру ауруларының таралғанын алға тартқан. Ресейде ветеринарлық жағдай ушыққан шақта Қазақстан Ресейден бірқатар дақыл түрлері мен жем импортын тоқтатты.

Орталық Азия елдерінің фермерлері де бұған дейін ірі қара мал арасында ауру тарала бастағанын хабарлап, дабыл қаққан. Олардың сөзінше, белгілері аусылға ұқсас, алайда билік мұны жоққа шығарған.

Бұған дейін Ресейдің Новосибирск аймағымен шектесетін Қазақстанның Павлодар облысында көрші аймақтарда ірі қара мал ауруының тарауына байланысты малға екпе салына бастаған. Бұл жөнінде өткен аптада вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Ал Қырғызстанда ірі қара мал арасында аурудың тарауы мәселесін парламентте депутат Кубанычбек Самақов айтты.

Өзбестанның әлеуметтік желілерінде де Ферғананың бірқатар ауданында малдың жаппай ауырып жатқаны жайлы хабар тараған. Алайда Өзбекстан ветеринария басқармасы бұл аусыл емес, стоматит екенін, күн ысығаннан кейін жойылатынын айтты.

Түркіменстанның екі аймағында малдар белгісіз аурудан өліп жатқаны жайлы хабарды осы аптада Азаттықтың Түркімен қызметі таратты. Жергілікті тұрғындар журналистерге нақты қандай ауру тарап жатқанын білмейтінін айтқан. Олардың сөзінше, ауру малдың бас терісі мен денесінде ірі қара дақтар пайда болған, бірнеше күннен кейін үй жануарлары өлген.

Аусыл – ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кездесетін аса жұқпалы вирустардың бірі. Ол негізінен ірі қара малда, шошқада, қой мен ешкіде кездеседі. Емделмейтін бұл ауру малға бір-бірінен жұғады және өте жылдам тарайды. Аусыл болған малдың көзі жасаурап, аузынан сілекей ағады, күлдіреуіктер шығып, жұқа терілі жерге дейін өршіп, тұтасып, іріңді суға айналады, от пен судан қалады. Екі-үш күннен кейін күлдіреген тілін салбыратып, сілекейін тоқтаусыз шұбырта бастайды, күйістен қалады.