Reuters: Украина соққысынан Ресейдегі мұнай өңдеу қуатының шамамен 30%-ы істен шыққан

Саратовтағы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл. 7 қараша, 2026 жыл.

Қазан айының соңында Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққысын қайта жалғастырды. Екі дереккөзге сүйенген Reuters агенттігінің хабарлауынша, шабуылдар Ресейдегі мұнай өңдеу қуатының шамамен 30%-ын істен шығарған. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ, өзге дереккөздерде де мұндай мәлімет жоқ.

Қазан айында Украина шамамен екі апта бойы Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасамаған. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың екі тарап та «энергетикалық бітімге» келісті деген мәлімдемесі себеп болған. Алайда Ресей әскері бұл кезеңде де Украинаның энергетикалық нысандарына шабуылын жалғастыра берген.

Бұған дейін Трамп Украинаны Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасағаны үшін сынаған. Оның айтуынша, Украинада шабуыл жасауға болатын басқа да нысандар жеткілікті, ал мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылар әлемдік нарықта дизельдің қымбаттауына ықпал етеді.

Reuters бағалауынша, соңғы шамамен 10 күнде Ресейдегі 35 ірі мұнай өңдеу зауытының кемінде тоғызына соққы жасалған. Олардың қатарында Ярославль, Рязань, Саратов және Кириши қалаларындағы зауыттар бар. Бұл кәсіпорындар тәулігіне жалпы алғанда шамамен 300 мың тонна мұнай өңдейді.

Агенттік дереккөздерінің бағалауынша, шабуыл салдарынан мұнай өңдеу көлемі тәулігіне 200 мың тоннаға азайған болуы мүмкін. Ал шабуылға дейін Ресей тәулігіне шамамен 700 мың тонна мұнай өңдеген.

Украина билігінің өкілдері Ресей Украинаның энергетикалық нысандарына шабуыл жасауды тоқтатса, өздері де Ресей мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді доғаруға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Бұған қоса, Украина бұл шабуылдарды тоқтатуға АҚШ пен одақтастары Ресейдің баллистикалық зымырандарына қарсы тұру үшін жеткілікті әуе қорғанысы жүйелері мен оқ-дәрі берсе дайын екенін айтқан.