Украинаны атқылап жатқан Ресей әскері қолданатын артиллериялардың 50-100 пайызы Солтүстік Кореядан әкелінген. Бұл жөнінде Reuters агенттігі мен британдық Open Source Centre ұйымының ортақ зерттеуіне сүйенген "Важные истории" жазды.
Солтүстік Корея Ресейге 2023 жылдың қыркүйегінен бастап қару-жарақ жеткізе бастаған. Оның алдында шілдеде сол кездегі Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Пхеньянға барған. Украина бас барлау басқармасының мәліметінше, пакет құрамында дүркіндете ататын 120 жүйе, өздігімен жүретін 120 артиллериялық қондырғы, 145 баллистикалық ракета мен 122 мм және 152 мм калибрлі артиллериялық снарядтар бар. Reuters мұны "Ресейге жеткізілген қомақты тіке әскери көмек" деп атайды.
2023 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың 17 наурызына дейін ресейлік «Ангара», «Мария», «Майя-1» және «Леди Р» жүк кемелері Солтүстік Кореяның Раджин портынан ресейлік Дунай және "Восточный" порттарына 64 рет әскери жүк жеткізген. Спутник деректеріне сүйенсек, онда кемінде 15 809 контейнер болған. Бұған қоса, Солтүстік Корея жүгі Приморьедегі Туманная өзені арқылы "Достық" көпірімен тасымалданған.
Ең көп тауар жеткізу 2024 жылы қаңтарда тіркелген: айына жеті партия. Қазір жүк кемелері айына шамамен үш партиядан снарядтар жіберіп жатыр.
Сарапшылардың бағалауынша, 4-6 миллионға дейін артиллериялық снаряд контейнерлермен тасымалданған болуы мүмкін. Батыс және украин шенеуніктерінің мәліметінше, 2024 жылы Ресей 2–2,3 млн снаряд шығарған және алдағы уақытта 3 миллионға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Снарядтар теміржол арқылы Ресей мен Украина шекарасына жақын қоймаларға, негізінен Тихорецк қаласына тасымалданады.
Украина бас барлау басқармасының мәліметінше, Ресей әскері соғыста қолданған снарядтардың 50 пайызын Пхеньян қамтамасыз етеді. Журналистердің қолына түскен Ресей қорғаныс министрлігінің ішкі құжаттарында Ресей әскерінің кейбір бөлімдері қолданған артиллериялық снарядтардың 75-100 пайызы Солтүстік Кореяда жасалғаны жазылған.
2023 жылы екі жақта да артиллериялық снарядтар қоры таусылып, Украина батыс одақтастарынан дер кезінде қолдау таба алмаған еді: ЕО-ның снаряд өндірісі мұндай салмаққа шыдай алмайды. Әскери сарапшы Конрад Музыканың пікірінше, 2023 жылдың соңынан бері Ресей қарулы күштері "Солтүстік Кореяның арқасында ғана" Украинаны үзіліссіз атқылай алған. 2024 жылдың сәуірінде Владимир Зеленский тараптардың қару-жарақ теңсіздігі туралы айтып, Украина қарулы күштері қолданған әрбір снарядқа 10 ресейлік снаряд келетінін мәлімдеген.
2023 жылдың соңынан бері Ресей Украина қалаларына солтүстіккореялық KN-23 және KN-24 баллистикалық ракеталарымен соққы жасап келеді. Бастапқыда бұл ракеталардың дәлдігі төмен болатын. Кейінгі кездері Солтүстік Корея шығарған ракеталар көздеген нысанасынан 50-100 метр аулаққа түсіп жатыр.