РИА "Новости" Литвадағы "арнайы әскери операция" туралы мәтін жариялап, ізінше өшірді

РИА "Новости" сайтындағы материал.

Ресейдің пропагандистік мемлекеттік РИА "Новости" ақпарат агенттігі Литвада “шағын арнайы әскери операция өткізіп” ядролық соққы жасаймыз деп сес көрсеткен мәтін жариялады. Алайда үш сағаттан соң материал өшірілді.

“Ресейді тағы бір арнайы әскери операция күтіп тұр. Ол ұзаққа созылмайды” атты мәтінде автор Литваға аумағына ракетамен соққы жасау сценарийін ашық талқылайды.

Бұған дейін Литва парламенті елде ядролық қару орналастыруға салынған тыйымның күшін жойған.

РИА "Новости" мақалада Еуропа ядролық қаруын орналастыратын орынды таңдап жатыр, ал Балтық елдерінде соғыс тез бітеді деп жазады.

Мәтіннің авторы – RuBaltic.Ru бас редакторы Александр Носович. "Досье" зерттеу орталығы және литвалық LRT дерегінше, Носович Ресей президент әкімшілігі мен сыртқы барлау қызметінің өкілдерінің ықпалы бар құрылымға мүше.

Мәтін үш сағаттан кейін өшірілді. “Штаттан тыс автор Александр Носовичтің мақаласы сайттан өшірілді, себебі редакцияның пікірі, саясаты мен Ресей саясатына сәйкес емес” деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Литваға қатысты осындай риториканы Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медвдев те қолданған. Ол Ресей ядролық соққы жасаған жағдайда Литва "өмір сүруін тоқтатады" деген.

Мұндай мақала Еуропаның барлау қызметі мен саясаткерлері Ресей НАТО елдеріне қарсы гибридтік операцияны үдетуі мүмкін екендігін жиі айта бастаған шақта жарияланып отыр.