Рим папасы XIV Лео Пасха үндеуінде әлемде бейбітшілік жолын таңдауға шақырды

Рим папасы XIV Лео

Жексенбі, 5 сәуір күні Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған жұрт алдына шығып, понтифик ретінде алғашқы Пасха жолдауын жасаған Рим папасы XIV Лео әлемдегі "соғысты тұтатуға күші барларды" бейбітшілік жолын таңдауға үндеді.

"Осынау мереке күні қақтығысқа, үстемдікке және билікке деген кез келген ұмтылысты ысырып қойып, соғыстан күйреген әлемге жаратушы иеміз тыныштық сыйласын деп дұға қылайық", – деді ол.

Рим папасы қазіргі заманда соғыс пен адам қазасы үйреншікті құбылыс болып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

"Біз зорлық-зомбылыққа үйреніп барамыз, онымен келісіп, мыңдаған адамның қазасына бейжай қарайтын болдық. Қолында қаруы барлар оны тастасын. Соғысты бастауға билігі барлар бейбітшілікті таңдасын", – деді ол ешбір нақты елді немесе қақтығысты атамастан.

Тарихтағы АҚШ-та туған алғашқы Рим папасы саналатын XIV Лео Таяу Шығыстағы соғысты қатты сынайтындардың біріне айналып, өз үндеулерінде әлемдегі қарулы қақтығыстарды бірнеше рет айыптап, шиеленісті доғаруға шақырып келеді деп жазды ВВС.

Кейінгі апталарда XIV Лео әлемде жалғасып жатқан қақтығыстарды бірнеше рет айыптап, үндеулерінде соғыс пен адам қасіретіне деген немқұрайдықтан сақтандырды. Өткен сейсенбі күні ол АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлесіп, Иранмен қақтығысты тоқтатудың жолын табуға шақырған.