Римде Италияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі қамалды

Римде Италияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Пьергабриэле Пападиа де Боттини ди Сант-Аньезе қамалды. Бұл жөнінде La Repubblica жазды. Басылымның жазуынша, дипломат пен оның ықтимал сыбайласы Татьяна Тараканова Италияның Ташкенттегі елшілігінде Шенген визасын заңсыз беру схемасын құрды деп айыпталған.

Пьергабриэле Пападиа 2024 жылдың желтоқсанынан бері 2025 жылдың желтоқсанына дейін Италияның Өзбекстандағы елшісі қызметін атқарған.

Тергеу органдарының айтуынша, ол қызметке тағайындалғаннан кейін виза бөлімін басқаруды өз қолына алып, Ресей және Италия азаматы Татьяна Тараканованы бөлімге жұмысқа алған. Пападиа бұрын Италияның Мәскеудегі консулдығында онымен бірге жұмыс істеген.

Тергеу мәліметінше, Пападиа мен Тараканова Ресей азаматтарына ұзақмерзімдік визаны (1-3 жыл) рәсімдеп, сол үшін 4-16 мың еуро көлемінде қосымша ақы алған. Ал жалпы виза жарнасының құны – 45-60 eуро.

Схемаға Мәскеуде тіркелген үш ресейлік турагенттік қатысқан деп айтылады. Визаға өтініш осы агенттіктер арқылы берілген, кейбірі күдіктілерге Telegram арқылы жіберілген.

Кемінде 95 ресейлік осы заңсыз схема арқылы Шенген визасын алып, Италияға барған. Өтініш берушілердің арасында Өзбекстан азаматтары жоқ немесе Ташкенттегі консулдыққа барып, өтініш бермеген.

Пападиа тергеу аяқталғанға дейін қамауда болады.

  • Ресей туроператорлар қауымдастығының мәліметінше, Ресей азаматтарына берілген көп реттік Шенген визасының саны 2026 жылдың алғашқы айларында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 90 пайызға қысқарған. Бұл 2025 жылдың қараша айында Еурокомиссияның ресейліктерге Шенген визасын беруді шектеу туралы шешімімен байланысты.
  • Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ЕО ресейліктерге жеңілдетілген жағдайда Шенген визасын беру тәртібін алып тастаған. Балтық елдері, Польша, Чехия, Дания ресейліктерге туристік виза беруді мүлдем тоқтатқан.