Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайды қызметтен босатып, оның орнына Роман Склярды тағайындау туралы жарлық шығарды. Мұндай ақпаратты 5 мамыр күні Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.
55 жасқа толар қарсаңында жаңа лауазымға тағайындалған Роман Скляр 1990 жылдардың соңынан бері мемлекеттік қызметте. Ол алдымен Павлодар мен Астанада қалалық департамент басшысы, әкімнің орынбасары сияқты қызметтер атқарған.
Роман Скляр 2022 жылдың қаңтарынан осы уақытқа дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары, оған дейін премьер-министрдің орынбасары, индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі қызметін атқарған. Бұл қызметтерінде ол ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларының жұмысын қадағалады.
Ал 2024 жылғы 6 ақпаннан бері президент әкімшілігін басқарып келген Айбек Дәдебай ол қызметтен "басқа жұмысқа ауысуына байланысты" босатылды.
46 жастағы Айбек Дәдебай бұған дейін Тоқаевтың төңірегінде президенттің іс басқарушысы, президент кеңсесі бастығының орынбасары, парламент сенаты төрағасының хатшылығы меңгерушісі, Қазақстанның БҰҰ-дағы (Женева) тұрақты өкілдігінің үшінші хатшысы тәрізді лауазымды қызметтер атқарған.