"Үлкен жетілік" елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі кезінде Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кая Каллас АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға "АҚШ қашан Ресейге қатаң қарай бастайды?" деп сұрады. Бұл сұрақ Рубионы ашуландырды. Екі саясаткердің арасындағы дау жөнінде сол шараға қатысқан үш дереккөзге сүйенген Axios басылымы жазды. Шара 27 наурызда Францияда өтті.
"Бір жыл өтті, ал Ресей орнынан қозғалған жоқ. Шыдамыңыз қашан таусылады?" деді Каллас.
Дереккөздер Калластың сөзінен осылай үзінді келтіреді.
Олардың сөзінше, Рубио бұған ашуланған.
"Соғысты аяқтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Егер одан да жақсырақ жасаймыз десеңіздер, алға. Жол береміз" деді Рубио өктем дауыспен.
Ол екі тараппен қатар келіссөз жүргізіп жатқанын айтты, бірақ Киевке қару-жарақ және барлау деректері жағынан көмек жалғасып жатқанын атап өтті.
Axios-тың жазуынша, "Үлкен жетілік" елдері сыртқы істер министрлерінің көз алдында болған оқиға АҚШ пен Еуропадағы одақтастары арасында Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты өзара сенімсіздіктің белгісіне айналған.