Рубио: Украина бойынша қайшылық кеміді, бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио

Ресей-Украина соғысын аяқтау бойынша келіссөзде шешілмеген сұрақтар саны едәуір қысқарды, бірақ күрмеуі қиын "ең күрделілері" әлі шешімін тапқан жоқ. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осылай деп мәлімдеді.

"Біздің ойымызша, шынайы ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Егер былтыр дәл осы уақытта болған ашық сұрақтарға қарасақ және Украина мен Ресей арасындағы бейбітшілік туралы келісім аясында қазір бар ашық сұрақтарға қарасаңыз, олар едәуір қысқарды" деді Рубио.

Марко Рубионың айтуынша, АҚШ әрі қарай да келіссөз процесін жалғастыра бермек. Ол тіпті жағдай өте нашар болған күннің өзінде де кейде ілгерілеушілік пайда болуы мүмкін деді. Газа мәселесінде де сондай болған.

4 ақпанда Әбу-Дабиде Ресей-Украина соғысын аяқтау бойынша келіссөздің кезекті кезеңі өтті. Оған Ресей, Украина және АҚШ өкілдері қатысты. Кездесу шамамен 5 сағатқа созылды және жабық режимде болды. ТАСС және Axios дереккөздерінің айтуынша, тараптар келіссөзді 5 ақпанда да жалғастырмақ.

Әбу-Дабидегі келіссөзде ресейлік делегацияға бас штаб басқармасының бастығы Игорь Костюков жетекшілік жасады. Украина жағынан ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен президент кеңсесінің жетекшісі Кирилл Буданов бастаған делегация қатысып жатыр.

Америка жағынан Дональд Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен күйеубаласы Джаред Кушнер қатысты.

Кремль келіссөздің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша түсініктеме берген жоқ. БАӘ сыртқы істер министрлігі ілгерілеушілікке үміт білдірді.

Келіссөзде талқыланған негізгі мәселелердің бірі жер мәселесі болды. Бұған дейін Владимир Путин Донбасс Ресейдің "тарихи жері" және Ресей оны әскери немесе басқа жолдармен қайтарады деп мәлімдеген. Киев Донбасты Ресейге беруге үзілді-кесілді қарсы.

Бұған дейін Рубио бейбітшілік жоспары аясында жер мәселесі ғана шешілмей қалғанын айтқан. Украина президенті Владимир Зеленский өз кезегінде жер дауы Путинмен бетпе-бет кездескен ғана шешілуі мүмкін деген.