Румынияға еніп кеткен ресейлік дрон тұрғын үйге түсіп, адамдар зардап шекті

Ресей дроны құлағаннан кейін көпқабатты үйдің шатыры өртенген. Румыния, Галати, 29 мамыр, 2026 жыл.

29 мамырға қараған түні Румынияның әуе шекарасын бұзып кірген ресейлік дрон Украинамен шекараға жақын орналасқан Галати қаласындағы көпқабатты үйге құлаған. Румыния билігі оқиға салдарынан өрт шығып, кемінде екі адам зардап шеккен деп хабарлады.

Румыния қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресей күштері Украинаның азаматтық және инфрақұрылым нысандарына жасаған кезекті шабуыл кезінде Галати муниципалитеті ауданында Румыния әуе шекарасын ресейлік дрон кесіп өткені радарға түскен. Бұдан кейін дрон көпқабатты тұрғын үйдің шатырына құлап, өрт шыққан.

Төтенше жағдайлар қызметі жараланған екі адамға медициналық көмек қажет болғанын хабарлады. Ғимараттан шамамен 70 адам эвакуацияланып, өрт тез сөндірілген.

Бұл оқиғаға байланысты Румынияның екі F-16 жойғыш ұшағы мен тікұшағы әуеге көтерілген. Елдің қорғаныс министрлігі экипаждарға қажет болған жағдайда дрондарды жоюға рұқсат берілгенін хабарлады.

НАТО мен Еуропа одағына мүше Румынияның Украинамен шекарасының ұзындығы 600 шақырымнан асады. Ресей күштері Дунай өзеніндегі украиналық порттарға шабуылдар бастағалы бері Бухарест Румыния аумағына ресейлік дрондар құлағаны немесе әуе кеңістігіне еніп кеткені туралы бірнеше рет хабарлаған. Алайда тұрғын үйге дрон құлап, адамдар жараланғаны алғаш рет болып отыр.

Бұл төтенше оқиға Ресейдің Украинаға қарсы соғысының салдары Еуропа одағына да әсер етуі мүмкін деген қауіп сейілмей тұрған шақта болды.