Қашқын ба, қаза тапқан ба? Ресей билігі сарбаздарды әскерден қашқан деп ақша үнемдеп отыр

Ресей күштері қалдырып кеткен танктің үстінде тұрған украин сарбазы. Изюм, Харьков облысы, Украина. қыркүйек 2022 жыл.

Ресей билігі Украинадағы соғысқа ерлерді көбірек тарту үшін оларды жоғары жалақымен және әлеуметтік төлемдермен қызықтырады. Бірақ соғысқа кеткендердің туыстары мен белсенділердің айтуынша, мемлекет қаза тапқан, тұтқын түскен немесе хабар-ошарсыз кеткен болуы мүмкін сарбаздарды әскерден қашқан деп көрсетуге бейіл.

Маринаның ұлы 2025 жылғы 20 шілдеде Украинадағы майданға жіберілген. Ұлы сол күні анасына ұрыс даласында түсірілген суретін жіберіп, жақын жерде дрон жарылғандықтан, жеңіл жарақат алғанын айтқан.

Он күннен соң әскери бөлім офицері Маринаға ұлының жағдайы жақсы екенін, мүмкіндігі болғанда өзі хабарласатынын айтқан. Мұны Маринаның өзі айтып отыр. Ол қудалау қаупі бар екенін ескертіп, тегін жарияламауды сұрады.

Алайда Марина сол күйі ұлынан хабар алмаған. Сол жылы тамызда қорғаныс министрлігінің желісіне қоңырау шалып, баласының тағдырын білмек болғанда оның 23 шілдеден бері "әскерден қашты" ("Әскери қызмет орнын өз бетінше тастап кету") деп танылғанын білген.

Содан бері бір жыл өтті. Марина ұлының тірі екеніне сенімді емес. Ол Ресей күштері қатарында қаза тапқан не із-түссіз жоғалған болуы мүмкін адамдарды "әскерден қашты" деп тану тәжірибесі барын, ұлының сол тәжірибенің құрбаны болуы мүмкін екенін айтады.

Биліктің бұл әрекетіне ақша себеп. Егер сарбаз "әскерден қашты" деп танылса, жалақысы тоқтап, туыстары сарбаз қаза тапқанда не хабар-ошарсыз кеткенде берілетін төлемдер мен өзге де игіліктерді ала алмайды. Мәселен, соғыста қаза тапқан сарбаздардың балаларына балабақша мен мектепке орналасарда, жоғары оқуға түсерде басымдық беріледі.

Сібірдегі Кемер облысында тұратын Марина былтыр жаздан бері сот арқылы ұлын әуелі "із-түссіз жоғалған", кейін "қаза тапқан" деп танылуына әрекеттеніп келген.

Маринаның айтуынша, былтыр шілдеде ұлдың жағдайы жақсы деп айтқан офицер жақында оған жауап беріп, айқас жүріп жатқан тұста ұрыс даласынан сарбаздарды эвакуациялау мүмкін емес екенін мойындаған.

– Ендеше ол сол жерден өз еркімен қалай кетіп қалады? Онда әлі күнге дейін қатты шайқас жүріп жатыр, – деді ол Азаттыққа.

Марина екі заңгерге жүгініп, бұл іске 200 мың рубль (2500 доллар) жұмсаған. Іс ақыры сотқа жеткен.

– Сарбаздардың әйелдері мен балалары арасында көбінің сотқа жүгінуге ақшасы жоқ. Олар әскери бөлімге және қорғаныс министрлігіне арызданады, бірақ одан еш нәтиже шықпайды, – дейді ресейлік сарбаздың анасы.

"СОТҚА ЖҮГІНУГЕ ЖАҒДАЙЫМ ЖОҚ"

Ростов облысында тұратын Лариса күйеуі былтыр желтоқсанда "әскерден қашты" деп танылғалы бері оған тиесілі төлемдерді ала алмаған.

Ларисаның күйеуі 2025 жылғы 25 желтоқсанда әскери тапсырманы орындау барысында жоғалған. Келесі күні оның қызметтестері Ларисаға хабарласып, күйеуінің қаза тапқан болу ықтималдығы жоғары екенін айтқан.

– Қолымда екі бала болса, кішісі емізулі болса, [күйеуімнің] статусын қалай өзгертем? Күйеуім тұтқында деп үміттенгім келеді-ақ, бірақ шамасы ол мерт болды. Қызметтестері ол жерде кескілескен ұрыс болғанын, тірі шығу мүмкіндігі бола қоймағанын айтты. Командирдің өзі де күйеуімнің әскери тапсырмада болғаны, қашып кететін мүмкіндігі болмағанын растады. Бірақ сөйте тұра оны "әскерден қашты" деп танып отыр, – дейді Лариса.

Ресей президенті Владимир Путин 2022 жылғы ақпанда Украинаға қарсы басқыншылық соғысын бастап, Совет одағы ыдырағалы тәуелсіз болған елді жаулап алғысы келді. Сөйтіп бұл Еуропа құрлығында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды соғысқа ұласты.

Ресей билігі әскер сапына көбірек адам тарту үшін жоғары жалақы мен төлемдер, туыстарға әлеуметтік көмек ұсынды. Бірақ соғыс бес жылға таяған тұста Мәскеуге әлі де қол жетіспей жатыр. Майдан даласында опат болып жатқандар көп.

Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін жарияламауды сұраған ресейлік құқық қорғаушының айтуынша, оған белгілі істердің шамамен 95 пайызында хабарсыз кеткен әскери қызметкерлердің шын мәнінде ауыр жараланғаны, Украина күштерінің қолына тұтқынға түскені немесе қаза тапқаны жөнінде дәлелдер бар. Ал олардың "әскери қызмет орнын өз бетінше тастап кету" деген статус алуы шынайы жағдайды көрсетпейді.

Оның есебінше, мемлекет осылайша әрбір сарбаз үшін 13 миллион рубльге дейін (шамамен 160 мың АҚШ доллары) қаржы үнемдейді. Сонымен қатар бұл әскери басшылықты жауынгерді ресми түрде "хабар-ошарсыз кетті" деп тану кезінде атқарылуы тиіс бюрократиялық рәсімдерден де босатады. Әдетте мұндай жағдайда құжаттар жиналып, бірге қызмет еткен сарбаздардан жауап алынып, туыстарына хабар берілуі керек.

– Адамды "әскери қызмет орнын өз бетінше тастап кету" деп тіркеп, оның қайда екені белгісіз деп қоя салу әлдеқайда оңай, – дейді әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларының құқықтарын қорғаумен айналысатын белсенді.

Күйеуі жоғалды деп танылған сарбаздардың айтуынша, мұндай жағдайда туыстарға ай сайын 160-180 мың рубль (шамамен 2000 доллар) көлемінде жәрдемақы беріледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Сүйегін елге әкелмеңдер". Қазақстан азаматтары Украинадағы соғыста қалай қаза тауып жатыр?

Қазір қаза тапқан сарбаздың туыстарына бір реттік 14,2 млн рубль (175 мың доллар) ақша беріледі. Оның ішінде федералдық үкімет беретін 5,5 млн рубль, әлеуметтік сақтандыру ретінде түсетін 3,6 млн рубль және Путин жарлық еткен 5 млн рубль бар. Көптеген аймақта 3 млн рубльге дейін (37 мың доллар) жететін қосымша төлемдер қарастырылған.

Путин соғысқа қатысқандарды жиі марапаттап, оларды патриотизмнің үлгісі ретінде көрсетеді. Алайда "әскерден қашты" деп танылғандардың жағдай мемлекеттің оларға қаншалық селқос қарайтынын көрсетеді.

Мұндай жағдайлардың нақты қанша екені белгісіз. Өйткені ондай тізім жоқ. Дегенмен хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметкерлердің туыстары жиналған әлеуметтік желідегі топтардың қатысушылары мұндай хабарламалар саны 2025 жылдың аяғында күрт көбейгенін айтады.

Әскерге кеткен туысы туралы ақпарат сұрағандардың әлеуметтік желідегі жазбаларының скриншоты.

Мұндай хабарламаларда әдетте сарбаздың суреті, аты-жөні, әскери лақап аты, туған күні және "әскери қызмет орнын өз бетінше тастап кету" статусы берілген күн көрсетіледі. Көпшілігінде "әйелі іздеп жүр" немесе "әпкесі іздеп жүр" деген жазу болады. Сондай-ақ топ мүшелері статусты өзгерту үшін қандай жолмен әрекет етуге болатыны жөнінде кеңес алмасады. Маринаның айтуынша, бұл – бюрократиялық кедергілерге толы ұзақ процесс.

– Әуелі адамның шынымен ұрыс тапсырмасына кеткенін дәлелдейтін барлық айғақты жинау керек: жіберген хабарламалары, хат алмасудың скриншоттары, бірге соғысқан сарбаздардың куәліктері. Содан кейін әскери бөлім командиріне және әскери комиссариатқа жүгініп, әскери полицияға іздеу туралы өтініш, әскери прокуратураға шағым беру қажет. Барлық дәлелді қоса тіркейсіз, – дейді Марина. – Жауапты кейде жеті-сегіз ай күтуге тура келеді. Көп жағдайда прокуратура әскери басшылықтың жағын ұстап, ешқандай заң бұзушылық анықталмады деген қорытынды береді. Содан кейін қайтадан шағымданып, жаңа дәлелдер іздеп, ақыры сотқа жүгінуге мәжбүр боласыз.

Марина бұл істі бастағанда-ақ оның бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін түсінгенін айтады.

– Қазір соны көріп отырмын. Міне, 2026 жылдың жазы да келді. Екінші жыл қатарынан ұлымның "Анашым, мен тірімін" деген дауысын естімедім. Бірақ ол әлі күнге дейін "әскери қызмет орнын өз бетінше тастап кету" деген статуста тұр, – дейді ол.

Стив Гуттерман Азаттықтың Орыс қызметі әзірлеген хабарға сүйеніп жазды.