Ресей заңсыз мигранттарды халық жасағымен таппақ

Ресей полициясы Тәжікстаннан келген мигранттардың құжатын тексеріп жатыр.

Мәскеуде заңсыз мигранттарды табуға көмектесетін еріктілер жасағы құрылмақ. Құқық қорғаушылар мұндай жасақ зорлық-зомбылықты үдете ме деп қауіптенеді.
Мәскеу билігі өкілдері ақпанның 12-сі күні заңсыз мигранттарды ұстауға көмектесетін еріктілер бригадасының құрылатыны жайлы хабарлады.

Қала әкімшілігінің айтуынша, «миграциялық жасақ» деп аталатын бұл топ құжатсыз жүрген мигранттарды ұстау үшін жергілікті билік органдарына жәрдем береді.

«КСЕНОФОБИЯ КҮШЕЙІП БАРАДЫ»

Адам құқығын қорғаушылар «бұл бастама зорлық пен қатігездікке жол ашады» деп уайымдайды.

Құқық қорғаушы Светлана Ганюшкина:

Ресейде тәжік мигранттарын полиция ұстап жатыр. (Көрнекі сурет)


– Мен Ресейде ксенофобияның күшейіп келе жатқанына қарап, түңіліп отырмын. Бұл рейдтерді заңды билік органдары емес, қарапайым азаматтар жүргізбек. Еріктілердің қалай құлшынып жұмыс жасайтынын осы бастан-ақ сезіп отырмын. Олар ксенофобия мен зорлықты одан сайын күшейтіп, қоғамды жікке бөлгеннен басқа ештеңе жасамайды, – деді.

Ксенофобиялық көңіл-күй Ресейде кеңінен тараған. Жыл сайын нәсілшілдік қақтығыс кесірінен елде ондаған адам қаза табады. Сондықтан да Ганюшкина сияқты құқық қорғаушылар «халық жасағының құрылуы ұлтаралық қақтығыстарды өршітіп жібереді» деп қауіптенеді.

ЖАСАҚТЫҢ ӨКІЛЕТІ

Мәскеудегі қауіпсіздік департаментінің басшысы Алексей Майоровтың айтуынша, ондай жасақтар құрылып қойған. Жасақ құрамында 300-ден астам адам бар. Еріктілер арнайы униформа киіп, әр ауданды күн сайын тексеріп отырады. Олар заңсыз мигранттарды базарлардан, құрылыс орындарынан, өндірістен, темір жолдан, сауда орталықтарынан, тіпті жекеменшік пәтерлерден де іздестіреді.

Құқық қорғаушылар «үкімет еріктілерге күдіктіні тұтқындап, оны полиция бекетіне апаруға рұқсат бере ме» деп қауіптенеді.

Қырғыз мигранттар. Мәскеу, 22 қыркүйек 2012 жыл.


– Адамды тұтқындауға кімнің хақысы бар? Тіпті полиция қызметкерлерінің өзіне барлық жағдайда адамды тұтқындай беруге құқық берілмеген. Ал қазір бұл құқық агрессивті адамдарға беріліп жатыр. Адамды бостандығынан айыруға, оны көшеден ұстап алып, қалаған жағына сүйреп апаруға ешкім құқық бермеген. Біз қайда кетіп барамыз? Бұл не сұмдық? – дейді құқық қорғаушы Светлана Ганюшкина.

Миграциялық жасақтардың тексеруді қашан бастайтыны белгісіз.

Совет Одағы кезінде болған еріктілер жасағы Ресей астанасында соңғы кездері қайта пайда болды. Таяуда Мәскеу казактары жергілікті полиция жасағымен бірлесіп, тексеру жұмыстарын күшейткен. Православ белсенділер де Pussy Riot феминистік тобы Мәскеудегі шіркеуде өлең айтқалы бері шіркеулер мен зираттарды қорғайтын еріктілер бригадасын құрған.

Мақаланы ағылшын тілінен Сағынай Кәрім аударды.