Саида Мирзияева Трамппен кездескенін хабарлады, бірақ жай-жапсарын айтпады

Өзбекстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Саида Мирзияева АҚШ басшысы Дональд Трамппен бірге.

Өзбекстан президентінің үлкен қызы, президент әкімшілігінің жетекшісі Саида Мирзияева 2 қазанда өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ басшысы Дональд Трамппен кездескенін хабарлап, сурет те жариялады.

Ол X желісінде АҚШ басшысымен кездесіп, әңгімелесу мақтанышқа айналғанын жеткізді.

Telegram-желісінде Трампқа өзінің әкесі Шавкат Мирзияевтің ең жақсы тілектерін жеткізгенін де қысқаша жазды. Жазбаның уақыты мен орны көрсетілмеген. Ақ үй де Мирзияева мен Трамптың кездесуі жөнінде ақпарат таратпады.

Саида Мирзияеваның президент Дональд Трамппен кездескені жайлы хабар АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен америкалық бизнес өкілдерінің қазан айының ортасына жоспарланған Самарқанға сапары қарсаңында жарияланды. Бұл сапар Рубионың мемлекеттік хатшы ретінде Орталық Азияға алғашқы сапары болады.

Самарқанда Өзбекстан Америка жағына жеке капиталды тарту, өзара сауданы кеңейту және технологиялық жаңғыртуды ілгерілету бойынша нақты жобаларды ұсынуға дайындалып жатыр. Саида Мирзияева - АҚШ-Өзбекстан бизнес және инвестиция кеңесінің тең төрағасы. Америка жағынан оған Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы елші Серхио Гор жетекшілік етеді.

Мирзияева БҰҰ Бас асамблеясының 81-сессиясына орай Нью-Йоркте болған. 23 қыркүйекте Өзбекстан атынан жалпы пікірталасқа қатысты.

Саида Мирзияева 2026 жылдың маусымынан бері әкесінің әкімшілігіне жетекшілік етеді және кейінгі кезде өкілеті кеңейіп, өзінің саяси позициясын нығайтты. Көп сарапшы оны президенттің ықтимал ізбасары санайды.