Сайлау комиссиясы “қысымға” шағымданған экс-депутаттың мәлімдемесіне реакция білдірді

Бағлан Зиябеков

Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы “қысымға” шағымданған бұрынғы депутаттың видеомәлімдемесіне реакция білдірді

Бұған дейін Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе ауылында Бағлан Зиябеков есімді азамат өзін аудандық мәслихатқа кандидат ретінде тіркемей отырғанына шағымданған еді. Ол өзін полиция бөлімшесіне де жеткізгенін айтқан.

Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Азаттыққа жолдаған жауабында Бағлан Зиябековтің мәслихат сайлауына қатысуға ниет білдіргенін растайды, бірақ “құжат тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүгінгенін” алға тартады.

“Азамат Май ауданының округтік сайлау комиссиясына кандидаттарды ұсынудың соңғы күні – 27 қазанда екі рет жүгінді. Алғаш рет жүгінген кезде кандидат ретінде ұсыну туралы құжаттар тапсырылмаған. Осыған байланысты сайлау комисиясы оған құжаттарды қайта тапсыру мүмкіндігін берді. Сонымен бірге азаматтың “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңында және Май аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарда белгіленген құжаттарды тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін қайта жүгінгенін атап өтеміз” деп жазылған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хабарламасында.

Белсенді жариялаған "сайлау учаскесіне ұқсайтын орыннан түсірілген" видеода Азамат Зиябеков қызметкерден "өтініш формасын" сұрайды, бірақ ала алмағанға ұқсайды. Учаске төрағасы қызметкерге "неге сендерде дайын өтініш формасы жоқ?" деп сұрап, ізінше Зиябековтің өзіне "тағы күтіңіз" дейді.

Аумақтық сайлау комиссиясы ресми жауабында бұл тұсын айтпаған.

29 қараша күні елде кезектен тыс мәслихат сайлауы өтеді.

Қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қыркүйек күні көтерген. Ол мұны түсіндірерде партиялық жүйедегі өзгерістерге сілтеді.

Мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұрынғы Amanat партиясынан сайланған еді. Ширек ғасыр бойы елдегі негізгі билік партиясы болып келген ол ұйым 2026 жылдың көктемінде жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен бірігу туралы шешім қабылдаған. Тоқаевтың айтуынша, заң бойынша тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін депутаттардың едәуір бөлігінің заңды мәртебесіне қатысты сұрақ туындайтын еді.

Мәслихат өкілеттігін тоқтату туралы президент жарлығы 12 қазанда шықты.

Дауыс беру кезінде 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланып отыр.

P.s: Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Азаттыққа жіберген жауабын толықтырып, қайта жіберді. Онда "Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Май аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына әдеп нормаларын бұзғаны үшін ескерту берілді" деп жазылған. Комиссия өкілдері дегенмен жай-жапсарын ашып жазбаған.