15 сәуірден бастап салық органдары мобильдік аударымдарды тексере бастайды

Қазақстанда 15 сәуірден бастап салық органдары банктерден түскен бірінші тоқсан деректеріне сүйеніп, азаматтардың мобильді аударымдарын талдауға кіріспек.

Шенеуніктердің айтуынша, тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтауды көздейтін жаңа тетік үш ай бойы ай сайын 100 және одан көп әртүрлі көзден ақша түскен, осы үрдіс үздіксіз қайталанған және түскен қаржының жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен, яғни 1 млн 20 мың теңгеден асқан жайттарды назарға алмақ.

Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кіріс комитетінің түсіндіруінше, банктер 15 сәуірге дейін 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларындағы күмән тудыратын операциялар туралы мәліметті жолдаған. Осыдан кейін назарға іліккен азаматтарға мамыр айынан бастап e-Salyq Azamat, салық төлеушінің жеке кабинеті немесе SMS арқылы хабарлама жіберіледі. Бұл бірден айыппұл салу дегенді білдірмейді: азаматқа қаржы көзі мен мақсатын түсіндіруге 30 жұмыс күні көлемінде уақыт беріледі.

Ресми түсіндірмеде күнделікті тұрмыс жағдайында ақша аудару — туыстар арасындағы көмек, ортақ той-томалаққа ақша жинау, туған күнге сыйлық, түскі асқа бөлісу немесе қайырымдылық қаражаты — кәсіпкерлік табыс ретінде қаралмайтыны айтылған. Егер ақша осындай мақсатта аударылғанына дәлелдер: чат скриншоты, хабарламалар, медициналық анықтамалар немесе қарызды қайтару жөніндегі жазбалар ұсынылса, бұл жеткілікті негіз болуы мүмкін.

Алайда салық органы түсініктемені негізсіз деп тапса, кеңейтілген салық тексеруі тағайындалады. Ондай жағдайда банк деректері толық зерттеліп, "тауар", "қызмет түрі", баға немесе өнім атауы көрсетілген тұрақты төлемдер анықталса, ол азамат кәсіпкерлік табысын жасырды деп танылуы ықтимал. Мұндай жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, салық төлеу және төлемдерді жеке картаға емес, бизнес-шотқа немесе QR арқылы қабылдау талап етіледі.

Заң талаптарын орындамағандарға жауапкершіліктің бірнеше түрі қарастырылған: тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқандарға 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, фискалды чек бермегені үшін алғашында ескерту жасалып, егер әрекет тағы қайталанса 15 АЕК, ал табысты жасырғаны дәлелденсе есептелген салықтың 20-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерінде айыппұл және өсімпұл салынады. Сарапшылар жаңа ереже әсіресе шағын саудамен, үйден қызмет көрсетумен немесе фриланс ретінде табысын жеке картаға қабылдап жүрген азаматтарға әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Қазақстан билігі бұл шара тасадағы ақша айналымын қысқарту, шағын бизнесті заңдастыру және қолма-қол ақшасыз төлем нарығындағы ашықтықты күшейтуді көздейтінін айтады. Ресми тұлғалар салық органдары жүйелі табыс белгілері байқалған шоттарды ғана назарға алатынын, ал қарапайым азаматтардың жеке мақсатта аударған қаржы-қаражаты тексерілмейтінін бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.