Санжар Боқаевтың соты бірнеше аптаға шегерілді

Санжар Боқаев

Азаматтық белсенді Санжар Боқаевтың соты 16 қазанға шегерілді, бұл оны Астанаға әкетумен байланысты деп хабарлады адвокаты Радмир Өтепов.

"Қазір ғана Санжар Омарұлы Боқаев ісі бойынша 28 қыркүйек сағат 9:30-ға белгіленген сот 16 қазан сағат 10.00-ге ауыстырылғанын хабарлады, бұл оны Астанаға этаппен әкетумен байланысты" деді адвокат.

Қыркүйектің ортасында адвокаттары Боқаевты ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы изоляторынан Астанаға алып кеткенін хабарлаған еді. Қорғаушылары бұл оған сотқа дайындалуына кедергі келтіреді деп санайды. Ақпаратқа қарағанда, онымен бірге мобилограф Ұлан Нүсіпқожаны да Астанаға әкеткен.

Ресми органдар әзірге, Боқаевты Астанаға алып кету себебін түсіндірмеді.

44 жастағы Санжар Боқаев наурыз айынан бері қамауда отыр.

Бас прокуратура Боқаев "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Тергеу Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды тартқан деп санайды. Ал Боқаевқа қарсы іс "қолдан жасалған" деп санайтын жақтастары "істің астарында саясат жатуы мүмкін" деп мәлімдеген.

Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утильалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерін "жөндеу" жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс саласындағы мәселелер жайлы түсірген видеолары әлеуметтік желілерде көп көрілген.

Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.

Қанды Қаңтардан кейін Боқаев Namys саяси партиясын тіркеуге тырысқан. Алайда ұйымды тіркей алмады.