Алматы қаласының әкімдігі қазір ҰҚК тергеу абақтысында қамауда отырған белсенді Санжар Боқаевты қолдау митингісін өткізуге келісім бермеген. Бұл туралы әкімдікті митинг өткізгісі келетіні жайлы хабардар еткен хаттың иесі Жанна Бектасова хабарлады.
"Маған әкімдіктен қоңырау шалып, Санжар Боқаевты қолдап бейбіт митинг өткізуге келісім бермей қойды", деп жазды ол threads әлеуметтік желісіне.
Әкімдіктен келген жазбаша жауапта Бектасованың жергілікті атқарушы билікті хабардар еткен хаты "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңның талабына сай толтырылмағаны себепті митинг өткізуге келісім бермейтіні айтылған.
"Ірі көлемде қаржы жымқырды", "жалған ақпарат таратты" және "заңсыз ағаш кесуді ұйымдастырды" деген күдікпен тергеліп жатқан белсенді Санжар Боқаев пен оның видеооператоры Ұлан Нүсіпқожа қазір Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отыр. Екеуі де тергеуге байланысты екі айға қамауға алынған.
31 наурызда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Боқаевтың жақтастары белсендінің ісі бойынша ашық сот процесін тікелей эфирде өткізуді талап етті. Олар бұл істің саяси астары бар деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Жақтастары Санжар Боқаевтың соты ашық өтсін деген талап айтты18 наурызда Бас прокуратура Санжар Боқаевтың тұтқындалғанын жариялап, ол "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.
Тергеушілер нұсқасы бойынша, Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, қаржыландырған және жұмысты орындау үшін "аз қамтылған адамдарды" тартқан, оларға сыйақы уәде еткен.
2000 жылдары мемлекеттік қызметтер атқарған, соның ішінде Алматы қаласының ішкі саясат департаментін басқарған Санжар Боқаев кейінірек мемлекеттік қызметтен кетіп, қоғамдық істерге белсене араласты.
Қаңтар оқиғасынан кейін Боқаев "Намыс" атты саяси партия құруға талпынып көрді, бірақ партия ресми тіркеуден өткен жоқ. 2023 жылы ол Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде сайлауға түсіп, жеңіліп қалды. Сайлаудың ресми қорытындысы бұрмаланғанын айтып, наразылық білдірген.
Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары кезіндегі құқықбұзушылықтарды әшкерелеген видеолары интернетте көп рет қаралып, жұрт назарына ілінді. 2025 жылдың аяғында Боқаев белсенділігін азайтып, шетелге кетті. Биыл ақпанда ол АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық қызметін тоқтататынын мәлімдеген еді. Кейін елге келген соң ұсталып, қамауға алынды.