Семейде BALA PARK ойын-сауық орталығында өрт болды

BALA PARK ойын-сауық орталығындағы өрт. 3-4 наурыз 2026 жыл. ТЖМ телеграм-арнасы таратқан сурет.

3 наурызда түнде Абай облысының орталығы Семей қаласында BALA PARK ойын-сауық орталығында өрт болды.

Abai news телеграм-арнасы орталық әкімшілігіне сүйене отырып, орталықтан адамдар өздігінен эвакуцацияланғанын жазды. Желіде тараған видеоларда орталықтан ересектердің балаларды көтеріп шығарып жатқаны, кейбір балалардың ата-анасыз жүргені, шыңғырып жатқаны көрінеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 11 адам медициналық көмекке жүгінген, төртеуі - бала. Бір бала ауруханаға жатқызылған, үш бала амбулаторлық емдеуге жіберілген. Төрт ересек адам ауруханаға жатқызылған. Екі ересек адам тексеріліп жатыр, бір адам дәрігердің тексеруінен бас тартқан.

ТЖМ ақпараты бойынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына хабарлама түскен сәттен бастап 6 минутта жеткен. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенде, ғимарат өртеніп жатқан. Ізінше шатыры құлаған.

Өрт жүктемесінің жоғары болуы, қою түтін және ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері өртті сөндіру жұмыстарын қиындатқан. Төтенше жағдай министрлігі түнгі 10-нан өрт сөндірілгенін хабарлады. Өрт аумағы 3100 шаршы метр.

Өртті сөндіруге 120 жеке құрам қызметкері, 23 техника қатысқан. Оқиға орнына медициналық апат орталығының 3 қызметкері, 1 техикасы, 75 полиция қызметкері мен 9 техника, 15 жедел жәрдем қызметкері мен 5 техника келген.

Өртке байланысты "Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау" (292-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалған.