Семейлік белсенді Нұржан Сембаев "ҚДТ қызметіне қатысты" деген айыппен алты жылға сотталды

Қолы кісендеулі азаматтық белсенді Нұржан Сембаев сот залында тұр. ActivistsNotExtremists құқыққорғау тобы жариялаған фото

Семей қаласының ауданаралық қылмыстық соты жергілікті азаматтық белсенді Нұржан Сембаевты "тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметіне қатысу" (405-бап) және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" (258-бап) қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп танып, алты жылға бостандығынан айырды. Бұл туралы ActivistsNotExtremists құқыққорғау тобы хабарлады.

"САЯСИ АСТАРМЕН ҚУДАЛАНЫП ЖАТЫРМЫН"

21 шілде күні Семей қаласының ауданаралық қылмыстық соты шығарған үкімге сәйкес, 42 жастағы Нұржан Сембаев алты жыл жаза мерзімін қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге тиіс. Бұған қоса Сембаевқа алдағы үш жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға болмайды және ол сот шығыны ретінде 1 млн 751 мың теңге төлеуге тиіс. Бұдан бөлек судья оны жәбірленушілер қорына 20 айлық есептік көрсеткішке тең ақша, яғни 78 648 теңге төлеуге міндеттеді.

Сотта сөйлеген соңғы сөзінде белсенді өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, саяси астармен қудаланып жатқанын мәлімдеген.

"Менің іс-әрекетімде қылмыс құрамы да, оның нышаны да жоқ болғандықтан мені ақтап шешім шығаруыңызды сұраймын. Қайталап айтайын, мен кінәсізбін, сондықтан саяси астары бар озбырлықты тоқтатуды талап етемін. Өз іс-әрекетімді құптаймын әрі оны толық дұрыс деп есептеймін. Айтарым осы ғана" деген Нұржан Сембаев.

Тараптардың әлі күшіне енбеген үкімге қарсы 15 күн ішінде шағым түсіруге мүмкіндігі бар.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ ІЛІК БОЛҒАН ЖЕЛІДЕГІ РЕПОСТ

42 жастағы азаматтық белсенді Нұржан Сембаев арнайы жасақ қызметкерлері биыл 3 ақпанда жұмыс орнынан ұстап әкеткеннен бері Семейдегі тергеу абақтысында қамауда отыр.

Белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғауға оның Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында өзі жазған және көшіріп жариялаған жазбалар себеп болған. Айыптау актісінде Нұржан Сембаевтың 2025 жылдың аяғынан бері "экстремистік ұйымға саналы және мақсатты түрде ақпараттық қолдау көрсетіп келгені" айтылған.

Тергеу орындары оны 2009 жылдан бері Еуропада тұрып жатқан қуғындағы оппозициялық қайраткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысымен байланыс орнатты деп айыптаған (Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атайды).

Тергеу болжамы бойынша, Сембаев "ЗабкоуАек", "БахытжанаТорегожина"7 "Мухтара Аблязова" (орфография мен пунктуация қаз-қалпында беріліп отыр - ред.) деген аккаунттардан алғандарын жүйелі түрде қайта жариялап, таратып отырған.

Тергеу тағайындаған психологиялық-филологиялық сараптама белсендінің Facebook-парағында жарияланған дүниелерде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты тұтқындауға және Ресей президенті Владимир Путинді биліктен тайдыруға, сондай-ақ митингілерге қатысуға шақыратын, билікті ауыстыру мақсатын көздейтін бастауыш ұйым құруға және билік ауысымын қаржыландыруға "итермелейтін қызмет атқаратын сөйлемдер" бар деген қорытындыға келген.

"Зерттеуге ұсынылған материалдар адамның (тыңдарманның, оқырманның) жай-күйінің, пікірінің, мінез-құлқының өзгеруіне ықпал ете алады, мәдени, әлеуметтік, білім деңгейіне қарай "ҚДТ" экстремистік ұйымының қызметіне қатысу нышандары бар. Материалдар наразылық-мобилизациялық азаматтық және саяси мінез-құлық түрін насихаттайды" деген түйін жасаған сараптама авторлары.

Нұржан Сембаевтың үстінен қозғалған іс бойынша сараптамаға жолданған материалдар арасында Qaznews24 сатиралық паблигінің негізін қалаған Темірлан Еңсебекті қолдау акциясы жайлы қазақстандық құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожинаның әлеуметтік желіде жазған посты да жүр, Сембаев оны қайталап жариялаған. Еңсебек ол кезде "араздық қоздыру" бабымен айып тағылып, Алматыда қамауда отырған еді.

"Сембаевты Facebook-тегі жазбаларды көшіріп басқаны үшін жауапқа тартып жатыр дегенді естіп, әрине, бізде ол қандай жазбалар болды екен деген сұрақ туды. Қарасам, сараптамаға берілген жазбалардың арасында Темірлан Еңсебек туралы менің жазғаным да жүр екен. Олар неліктен оны экстремистік деп тапқаны мүлде түсініксіз" деді Төреғожина "Настоящее время" арнасына.

2023 жылы күзде Нұржан Сембаев биліктің келісімін алмай акция өткізу туралы жазбаны көшіріп әлеуметтік желіде жариялағаны үшін митинг өткізу тәртібін бұзды деген айыппен бес күнге әкімшілік қамауға алынып, жазасын өтеп шыққан.

2022 жылы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Нұржан Сембаевқа жаппай тәртіпсіздік пен әкімшілік ғимараттарға шабуылға қатысты деген айып тағылған. Содан кейін Сембаев пен тағы бірнеше белсенді өздерін билік өкілдері 2022 жылы қаңтарда заңсыз қамауда ұстап, азаптағанын айтып сотқа шағым түсірген. Шағымды қараған сот билікті белсендіге 2 млн теңге (5 мың долларға жуық) төлеуге міндеттеген.

Нұржан Сембаевқа дейін дәл осындай айыптармен (экстремистік ұйымға қатысу және қаржыландыру) сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрім, белсенділер Марат Жыланбаев пен Амангелді Жахин қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Олар да өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Адам құқығын қорғаушылар Қазақстанда үкіметке сыни көзқарастағы белсенділер мен журналистер негізсіз қудалауға түсіп, әкімшілік жауапкершілікке, кейде қылмыстық іс бойынша айып тағылып түрмеге қамалатынын айтады. Ресми Астана елде саяси плюрализмге шектеу жоқ, ешкім ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Мақсат – кінәлау емес". Тоқаев сапары және Еуроодаққа хат: құқық қорғаушы Роза Ақылбековамен сұхбатТүрмеге жазған жауапсыз хаттарМарат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні әр өңірде белсенділер ұсталып жатыр"Үнсіз қала алмадым". Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққандарды жазалау"Шамына тигеннің бәрін тұқырту". "Экстремизмді қаржыландыру" бабын қалай және кімге қолданып жүр?