Сербия президенті Вучич отставкаға кетті

Александр Вучич

27 қыркүйекте Сербия президенті Александр Вучич отставкаға кететінін жариялады. Ол алдағы қазан айында Сербияда өтетін парламент сайлауына елдегі билеуші Сербия прогрессивті партиясының (СПП) тізімі бойынша түсіп, премьер-министрлікке үміткер болмақ дейді сарапшылар.

Вучичтің президенттік өкілет мерзімі 2027 жылы аяқталуға тиіс болған. Вучич оған дейін қызметінен кететінін биыл маусым айының аяғында жариялаған. Босния тумасы австриялық саясаттанушы Ведран Джихич 2026 жылдың маусымында Die Presse басылымына сұхбатында Вучичтің отставкаға кету туралы мәлімдемелері премьер-министр лауазымын алу үшін жасалған айла-шарғы деп айтқан.

Шілде айында Die Presse басылымына берген сұхбатында Александр Вучич өз партиясының қазан айындағы сайлауда жеңіске жету мүмкіндігін жоғары бағалаған. "Үш айдан кейін біз көптеген елге қарағанда әлдеқайда демократиялық болатын сайлауда жеңіске жетеміз. Біз Сербияны экономикалық тұрғыдан күшейтеміз" деп мәлімдеген ол.

7 қыркүйекте Сербия үкіметі Вучичтен елдің бір палаталы парламенті – Ұлттық жиналысты таратып, кезектен тыс сайлау өткізуді сұраған. Вучич солай істеді: жаңа парламент сайлауы 25 қазанда өтпек. Сербия Конституциясына сәйкес, сайлау науқанын өткізуге 45-тен 60 күнге дейін уақыт беріледі.

Александр Вучич 2017 жылдан бері екі мерзім Сербия президенті болды. Конституция бойынша, бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды.

  • Сербия – парламенттік республика. Бүкіл атқарушы билік премьер-министр басқаратын үкіметтің құзыретіне берілген. Әйткенмен кейбір мәселе бойынша, әсіресе сыртқы саясат және қауіпсіздік салаларында президент те бірқатар өкілеттікке ие.