Сербияда он жылдай уақыт ең ықпалды саяси тұлға болған бұрынғы президент Александр Вучич парламент сайлауында студенттер бастаған наразылық қозғалысынан жеңілгенін мойындады. Бұл Кремльден алшақтап, Еуропаға жақындайтын саясаттың жаңа дәуірін бастауы ықтимал.
"Біз бұл сайлауда жеңілгеніміз анық", — деді ол 25 қазан күні кешке, Сербияда дауыс беру аяқталған соң өткен баспасөз мәслихатында.
""Студенттер тізімі" жеңіске жетті, олар 135-140 орын алады, ал біз 105 орын аламыз. Парламентке басқа ешкім кірген жоқ", — деді Вучич алдын ала нәтижелерге сілтеме жасап. Дәл сол сәтте Белградта, Нови-Садта және басқа қалаларда студент көшбасшылары мен олардың жақтастары жеңісті тойлай бастады.
Кейбір бақылаушылар Вучичтің жеңілісін Ресейге жақын тағы бір авторитар басшы — Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның сәуірдегі жеңілісімен салыстырды.
Сербиядағы сайлауға барлығы 18 партия, 2400-ден астам үміткер қатысты. Парламенттегі 250 орынның басым көпшілігін алған партия үкімет жасақтайды.
"Жаңа мемлекет" құру
"Ертеңнен бастап біз құқық үстемдік ететін мемлекет құруға кірісеміз", — деді "Студенттер тізімінің" жетекшісі Илия Срданович.
"Өзгеріске деген ерік-жіге болса, оны жасауға болатынын көрсеттік. Енді бұған лайық екенімізді дәлелдеуіміз керек. Студенттер жеңді. Біз шындыққа, даусын жеткізуге және болашаққа әркімнің құқығы бар елді бірге құрғымыз келеді", — деді ол.
Белград университетінің профессоры, "Студенттер тізімінің" үміткері Радомир Саичич: "Қадірлі Сербия, бүгін түнде халықтың даусы естілді. Бүгін жеңісті тойлаймыз, ертең болашақты құрамыз".
Your browser doesn’t support HTML5
Student-Led Opposition Celebrates In Serbia After Vucic Concedes Election Defeat
Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта да сайлау нәтижесімен құттықтап, оның Сербияны Еуропа одағына мүшелікке жақындатуға көмектесетінін айтты.
"Бүгін Сербия халқы елінің болашағын айқындау үшін жаппай дауыс беруге келді. "Студенттер тізімін" парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтаймын", — деп жазды ол X желісінде.
"Біз құқық үстемдігі, БАҚ еркіндігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мықты демократиялық институттар жолындағы реформаларды қолдауға, Сербияның Еуропа одағындағы болашағын бірге құруға дайынбыз".
Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен де "құқық үстемдігі, БАҚ еркіндігі, жемқорлыққа қарсы күрес және берік демократиялық институттар жолындағы реформаларды қолдауға әрі Сербияның Еуропа одағындағы болашағын ілгерілету үшін бірге жұмыс істеуге дайын екенін" мәлімдеді.
"Студенттер тізімінің" жетекшісі Илия Срданович сайлау нәтижелеріне қуанышын жасыра алмай тұр
Жаппай белсенділік
Сайлаудың түпкілікті нәтижесі әлі жарияланбаса да, тәуелсіз бақылаушылардың мәліметінше, сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары болған. Халқы шамамен 6,6 миллион адам болатын Балқан елінде сайлау учаскелерінде күні бойы ұзын кезек болып, сайлаушылардың 70 пайыздайы дауыс берген.
2017 жылдан бері президент болған Вучич қыркүйек айының соңында қызметінен кетті. Үшінші мерзімге сайлана алмайтын ол мерзімінен бұрын сайлау жариялап, премьер-министр болуды көздеген еді.
Қоғамның көп бөлігі Вучич басқарған билеуші Сербия прогресшіл партиясының (SNS) тізімі мен "Студенттер тізімінің" арасында таңдау жасады. Жастардың жаңа қозғалысы 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад қаласында теміржол бекетінің қалқасы құлап, 16 адам қаза тапқан оқиғадан кейін басталған наразылықтан соң құрылған.
Солтүстік Сербиядағы бұл қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді: қытай компаниялары салған, үкіметтің басым жобасы саналған теміржол бекетіндегі сапасыз құрылысқа сыбайлас жемқорлық себеп болған деген мәлімет тарады.
"Лас жұмыс"
Жеңілісін ерте мойындағанымен, Вучич сайлау нәтижесіне ашу-ызасын жасырмады: ол мұны АҚШ-тағы президент Дональд Трамптың саясатына қарсы күштердің және Еуропаның өзге елдеріндегі басшылардың "лас жұмысының" нәтижесі деп атады.
Вучич қарсыластарын "тәуелсіз елді құлату үшін біреу ойлап тапқан лас жұмысты орындаушылар" деп сипаттады. "Сендер бір сәтке жеңіске жеттіңдер. Қанша уақытқа созыларын көрерміз", — деді ол.
"Наурыз не сәуір айында Ресей Федерациясына санкция салынады. Көресіңдер. Олар сендерге айтқысы келмей жасырып келген, өтірік айтқан нәрсенің бәрін жасайды, өйткені олар — біреудің жоспарын орындаушылар ғана", — деді Вучич.
Сербия Ресеймен этностық және діни тұрғыдан жақын, елде Ресей президенті Владимир Путинді жақтаушылар мен Кремльге қарсы санкцияларға қарсы шығатындар әлі де көп.
Вучич Трампты жиі мадақтап келген. Ал АҚШ Конгресіндегі қос партияның өкілдері де Сербиядағы демократия жағдайына алаңдаушылық білдіріп келеді. Конгрестің екі палатасынан құралған топ Сербиядағы "демократиядан кері шегіну, сыбайлас жемқорлық және Ресей, Қытай мен Иранның ықпалының артуына" алаңдап, қатаң шара қолдануды талап етіп отыр.
Бір кездері ұлтшыл болған Вучич сербия саясатында 14 жылдан астам үстемдік етті. Осы жылдар ішінде ол өзін Сербияны Еуропа одағына өткізуді құптайтын, сонымен бірге Ресей және Қытаймен де тығыз байланыс сақтайтын реформатор ретінде көрсетіп, билігін нығайтқан.
Александр Вучич сайлауда тізе бүккенін мойындау үшін сахнаға шығып келеді.
АҚШ-тың қолдауы
Ақ үй тарапынан бірден реакция болмады, ал АҚШ-тағы өзге саяси тұлғалар сайлау нәтижесін қолдады.
Вучичті бұрыннан сынап келген республикашыл конгрессмен, Хельсинки комиссиясының төрағаларының бірі Джо Уилсон Азаттыққа: "Сербия халқы бұл керемет жеңіске елде заң үстемдігін қалпына келтіруге деген ұмтылыспен, нағыз табандылықпен қол жеткізді", — деді.
"Бұл Қытай коммунистік партиясының зиянды ықпалын азайтуды және энергетикада Ресейден алшақтап, қуат көздерін әртараптандыруды қамтиды. Бұл — Сербияның Батыс өркениетіндегі орнын анықтаған жаңа таңы. Трамп әкімшілігі тұсында диктаторлар қашып барады", — деді ол.
Вашингтондағы "Демократияны қорғау қоры" ұйымының зерттеушісі Ивана Страднер Азаттыққа: "Сербияда біз [марқұм сербия президенті Слободан] Милошевич құлатылған кездегідей серпілісті сезініп отырмыз" деді.
"Бірақ тарих қайталанбауы керек: Вучичті кетіру — бұл тек бастамасы ғана. Енді Сербия оның билігін ұстап тұрған сыбайлас жемқорлық пен авторитарлық бақылау жүйесін толық бұзуға тиіс, жоғарыдағы адамдарды ауыстырумен ғана шектелмеуі керек".
"Бұл — Сербияның берік демократиялық институттар құрып, елді Батысқа қарай нық бағыттау мүмкіндігі", — деді ол.
Страднердің айтуынша, Вучич "Мәскеу мен Пекинмен тығыз байланыс орнатып, Сербияны олардың Еуропадағы ең жақын серігіне айналдырған. Енді Ресей мен Қытай маңызды одақтасынан және Еуропадағы ірі тірегінен айырылуы мүмкін".
Материалды дайындауға Азаттықтың Вашингтондағы аға тілшісі Алекс Рауфоглу атсалысты.