Шахмұрат Мүтәліп ERG акционерлерінің біріне айналды

Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп (ортада сөйлеп тұр) Тараздағы бокс орталығының ашылуына қатысып тұр. 11 желтоқсан 2025 жыл.

Қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінің Eurasian Resource Group-тағы үлесін сатып алды. Бұл жөнінде компания хабарлады. Енді Мүтәліп компанияның 39,3% бақылайды.

Келісімнің құны айтылмайды. Былтыр желтоқсан соңында Financial Times басылымы екеуінің үлесін 1,4 млрд долларға сатып алуға келісіп те қойғанын жазған еді.

ERG-дің қалған бөлігі – мемлекет (40%) пен Ибрагимовтар отбасына (20,7%) тиесілі.

Eurasian Resources Group (ERG) компаниясына Қазақстанда «Қазхром», «Қазақстан аллюминийі», Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі, «ТрансКом» және өзге де кәсіпорындар кіреді. Аталған кеніштерге тиесілі шахталарда жұмысшылар жиі зардап шегеді.

Аз уақыттың ішінде аса ірі активтерге қол жеткізіп, Қазақстандағы мыс, мырыш, басқа да минералдар өндіретін компанияларды алуға ұмтылған Шахмұрат Мүтәліп биыл алғаш рет қазақстандық Forbes-тың елдегі ең дәулетті кәсіпкерлер тізіміне енген. Журнал оның байлығын $482 млн деп бағалаған.

35 жастағы кәсіпкер Қазақстанның құрылыс, энергетика саласындағы ірі жобаларын іске асырумен қатар биыл елдегі алтын өндіру бойынша үштікке кіретін "Алтыналмас" компаниясын сатып алды. Келісім құны белгісіз. Бұл компанияны ертеректе Тимур Құлыбаев, кейінгі он жылда "Қазақмыс" тобына иелік еткен олигархтар меншігінде ұстаған.

Азаттық биыл жариялаған зерттеуге сәйкес, Шахмұрат Мүтәліп Дариға Назарбаеваның азаматтық некедегі күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың құрылымдарына қараған құрылыс компаниясына да иелік етіп отыр. Жалпы кәсіпкер түрлі шарттар арқылы мемлекет қаржыландыратын құны жүздеген млрд долларға тартатын ірі энергетикалық нысандар құрылысына да белсене кіріскен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жаңа Қазақстанның" олигархы атанған Шахмұрат Мүтәліптің артында кім тұр?