"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Амангелді Батырбековті босатуды талап етті

Журналист Амангелді Батырбеков сот залында тұр. Түркістан облысы Келес ауданы. 6 қараша 2024 жыл.

Халықаралық “Шекарасыз тілшілер” ұйымы жуырда қылмыстық бап бойынша екі айға қамалған түркістандық журналист, “Сарыағаш-Информ” басылымының бас редакторы Амангелді Батырбековке араша түсіп, мәлімдеме таратты.

“22 қазанда журналист Амангелді Батырбеков себебі түсіндірілместен екі айға қамалды. Журналистің “жала жабу” бойынша айыпталып, 20 күндік әкімшілік қамаудан шыққаны сол еді. Жаңа негізсіз қамауды айыптай отырып, RSF оны босатуды және қудалауды тоқтатуды талап етеді” деп жазды баспасөз қорғау ұйымы 29 қазанда телеграм-арнасында.

22 қазанда журналист Сарыағаш аудандық соты қылмыстық бап бойынша өзін екі айға қамағанын хабарлаған еді. “Әділ сөздің” жазуынша, Батырбековтің әріптестері оның қамалуын белсенді Құрал Сейітханұлы туралы видеоларымен байланыстырады. Алайда журналистің қамалу себебі әзірге айтылған жоқ.

“Қазіргі уақытта қолда бар материалдарда Батырбековтің жаңа іс бойынша процестік мәртебесі, оған тағылған айып пен екі айға қамауға алу негізі туралы толық ақпарат жоқ” деп жазған еді "Әділ сөз".

Қоғамдағы түрлі заңсыздықтар туралы жазып, мәселе қозғап жүрген белсенділердің бірі Құрал Сейітханұлы қыркүйектің басында"дербес деректі әшкереледі" деген айыппен үш жыл түрмеге кесілген еді. Бұған дейін жақтастары Құрал Сейітханұлы жариялаған мәліметтің құпия емес екенін, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат екенін айтқан еді. Ал оны сотқа берген блогер мұнымен келіспейді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Баламды атып кеткенде де принципім өзгермеді". Журналист Амангелді Батырбековпен сұхбат