Халықаралық нарықта Қазақстан мұнайы қымбаттады

Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты шикізат тапшылығы тұсында Қазақстан мұнайы қымбаттады.

Каспий мұнайы – қазақстандық CPC Blend пен әзербайжандық Azeri BTC мұнайы осы айда күрт қымбаттады. Бұл жөнінде осы саладағы дереккөздерге сүйенген Reuters жазды. Кейінгі айларда CPC Blend және Azeri мұнайы Жерорта теңізі мен Еуропа нарығы жақын болғандықтан негізінен сол жаққа тасымалданған еді.

Трейдерлердің дерегінше, наурыз-сәуір айларына арналған CPC Blend партиясы өткен аптада Brent маркалы мұнайға қарағанда барреліне $1–2 қымбатырақ сатылған.

Ал бұған дейін 5 долларға дейін жеңілдікпен сатылған.

Дегенмен CPC Blend экспорты да тұрақсыз күйде қалып отыр. Оған қолайсыз ауа райы, дрондардың шабуылы, Теңіз кенішіндегі мұнай өңдеудегі мәселелер әсер етеді.

“CPC Blend – Жерорта теңізіндегі шикізат өңдеушілер үшін негізгі сұрыптардың бірі, оның өзі үзіліске бейім” деді дереккөздердің бірі ақпарат агенттігіне.

Олар алдағы уақытта Каспий аймағынан келетін мұнай қымбат күйінде қала бермек, десе де бағаның ауытқуы геосаяси ахуал тұсында сақталады деп болжайды.

CPC Blend – Теңіз, Қашаган, Қарашығанақ өндіретін мұнай сорты. Ол Каспий құбыр консорциумы арқылы халықаралық нарыққа шығарылады. Бұған дейін Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымдарына украин дрондары бірнеше рет шабуылдаған.

Былтыр қарашада Новороссийскідегі "Каспий құбыр консорциумы" (КҚК) терминалына Украина дрондары жасаған шабуыл жасағаннан кейін Қазақстанда желтоқсан айының қорытындысы бойынша мұнай өндіру шамамен 6 пайыз қысқарғаны хабарланған еді.