Ширек ғасырдағы рекорд: Қазақстанда 3,9 млн-нан аса шәкірт оқу жылын аяқтады

Көрнекі сурет

25 мамырда Қазақстан мектептерінде кезекті оқу жылы аяқталып, оқушылар 1 қыркүйекке дейін жазғы демалысқа шықты.

Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам шәкірт аяқтап отырғанын, бұл ширек ғасырдағы ең жоғарғы көрсеткіш екенін хабарлады.

"2025/26 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердегі оқушы саны 3,9 миллионнан асты. Бұл – соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Оқушылар саны ең көп өңірлер қатарында Түркістан және Алматы облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы көш бастап тұр" деп жазды Ұлттық бюро telegram-парақшасында.

Ширек ғасыр бұрын Қазақстан халқы 15 миллионға жетер-жетпес болса, қазір ресми мәлімет бойынша, 20 миллионның үстінде. Бұл өсімге бала туу көрсеткіші әсер етіп отыр.

Елде кейінгі 20 жылдық кезеңде жыл сайын 300 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Ал коронавирус індеті кезінде бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер тіркелген. 2021 жылы 446 мыңға жуық сәби дүние есігін ашып, бала туу бойынша Қазақстан рекорды жаңарған.

Статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда жалпыұлттық өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 15 мың доллардан асқан. Халықаралық валюта қоры Қазақстанда биыл бұл көрсеткіш 17 мың долларға жетеді деп болжап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында да, Орталық Азия өңірінде де алда тұр.

Әйткенмен кейінгі төрт жылда елде туу көрсеткіші біртіндеп баяулап келе жатқаны байқалады. Мысалы, 2022 жылы 404 мыңға жуық бала өмірге келсе, 2023 жылы 388 мың, 2024 жылы 366 мың, 2025 жылы 335 мың сәби туған.

Қазақстандағы демографияның қазіргі жағдайы туралы мақаламызды оқыңыз:

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан халқы 30 миллионға жете ме? Демографияның қазіргі күйі қандай?