Щучинскіде 12 кісінің өліміне себеп болған кафедегі өрт ісін тергеу аяқталды

Ақмола облысы Бурабай ауданы орталығы Щучинск қаласы

Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласында 12 адамның ажалына себеп болған кафедегі өртке қатысты тергеу ісі аяқталды. Бұл іс Қылмыстық кодекстің "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" және "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсету" баптары бойынша сараланған, деп хабарлады Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

26 ақпан күні Щучинскідегі "Палау орталығы" кафесінде болған жарылыс пен өрт салдарынан 5 адам сол жерде қаза тауып, екі адам ауруханаға жеткізілген соң көз жұмды. Арада бірнеше күн өткенде тағы екі адам емдеу мекемесінде жан тапсырды. Кейінірек тағы үш адам қайтыс болды.

Ақмола облыстық төтенше жағдай департаменті кафеде газ баллоны жарылып, оның арты өртке ұласты деп хабарлаған еді.

Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, дәмхана иесі қамауға алынды.