Шымбұлақтағы тіл дауы: полиция тараптарға айыппұл салды

Полиция кеңсесі. Көрнекі сурет.

Алматы қаласы полициясы Шымбұлақтағы мейрамханалардың бірінде болған жағдай жөнінде мәлімдеме жасады. Полиция Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаны толық тексергенін айтты.

«Тексеру барысында тараптар оқиғаның эмоционалды жағдайдан туындағанын атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір сөздер мен әрекеттер эмоция әсерінен жасалған және олардың шынайы көзқарасын білдірмейді. Сонымен қатар, оқиға барысында тараптардың бір-біріне жеңіл физикалық әрекет қолданғаны анықталды. Қатысушылар өзара кешірім сұрап татуласты және болған жағдайға өкінетіндерін айтты. Сондай-ақ олар азаматтарды бір-біріне құрметпен қарауға, кез келген келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге шақырды» деп жазылған полиция мәлімдемесінде.

Полицияның айтуынша, олардың әрекеттеріне құқықтық баға да берілген. Екі қатысушыға да "Бұзақылық" фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сот шешімімен олар 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алматы полициясы тұрмыстық келіспеушіліктер, қарым-қатынас мәселелері немесе тілдік ерекшеліктер еш жағдайда да қақтығыс, провокация және қоғамдық тәртіпті бұзу үшін себеп болмауы тиіс екенін ескерткен. Ұлттық немесе тілдік тақырыптарды пайдаланып, дауды ушықтыру әрекеттері қоғам үшін қауіпті екені айтылды.

Бұған дейін Алматыдағы Gusto мейрамханасының қызметкерінің тұтынушыға «СССР-де тудым, қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емеспін!» деген видеосы тарап, көптің наразылығын туғызған. Жанжал кезінде қонақ пен әкімші жұлысып та қалады. Әлеуметтік желіде бұл видео жылдам тарап, қызу талқыланды.

Желідегі жұрт "қазақ тілін менсінбей, қорлады" деп мейрамхананың 2gys қосымшасындағы рейтингін түсіріп, жаппай бармауға кеңес берген. Одан бөлек мәзірдің тек ағылшын не орыс тілінде екеніне де назар аударған. Ізінше мейрамхананың қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан қызметкері жұмыстан қуылған.

Әлеуметтік желіде тұтынушылардың талабы күшейе түскенде дауға заңгер Мейірман Шекеев араласты. Ол Шымбұлаққа барып, мейрамхана әкімшілігінің өкілімен сөйлескен.

Даудан кейін мейрамхана Instagram-дағы парағын тек қазақ тілінде жүргізе бастады. Кейінгі күндері жазылған посттары да қазақша. Ал қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан қызметкер Елена жұмыстан қуылған.

25 желтоқсанда Шекеевтің Instagram парақшасында Еленаның кешірім сұраған видеосы жарияланды.

"Өз еліме қайырылғым келеді және өзімнің сөздерім үшін кешірім сұрағым келеді. Мен де Қазақстанның азаматымын. Халықтың алдында кешірім сұраймын. Осындай эмоциялық жағдайда «Мен СССР-да тудым» деп айтқаным үшін кешірім сұраймын. Ешкімге тіл тигізгім келген жоқ. Сол себепті мені кешірулеріңізді сұраймын" деді ол видеода.

Қазақ қоғамында тіл мәселесі — шетін тақырып. Совет кезінде қазақ тілі ұзақ уақыт бойы екінші қатарда қалып, ғылыми, әкімшілік, техникалық және білім беру салаларында орыс тілі үстемдік етті. Қазақ тілі көбіне ауылдық жерлерде ғана қолданыста қалды. Қазақ тілі Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Конституцияның 7-бабында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған.