Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 9 ақпанда жергілікті белсенді Жарқынбек Сейтінбеттің бостандығын екі жылға шектеді. Бұл жөнінде адвокаты Арман Әбішев хабарлады. Оның сөзінше, Жарқынбек Сейтінбетке "діни алауыздық қоздыру" (174-бап) бойынша айып тағылған. Сот оны осы бап бойынша кінәлі деп таныды.
Адвокаттың айтуынша, арызды Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты жастар бөлімі түсірген. Қылмыстық іске Facebook-та жарияланған пост түрткі болған.
Арыз түсіруші жақ шағымда Жарқынбек Сейтінбеттің парақшасында жарияланған жазба алауыздық тудыратынын жазған. Белсенділердің сөзіне қарағанда, арыз түсіруші жақ бастапқыда сотқа келмеген. Кейін "арыз болмаса, жәбірленуші жақ болмаса іс қалай қозғалды?" деп екінші жақ наразы болғаннан кейін әкімдіктен бір өкіл келген. Ол белсендіні бірнеше рет әкімдікке шақырып, "түсіндіру жұмыстарын" жүргізгенін, алайда Жарқынбек Сейтінбеттің алған бетінен қайтпағанын алға тартқан. Алайда Жарқынбек Сейтінбет түсіндіру жұмысы болмағанын, "өтірік айтқан" жігіттің өзін жазалау керектігін айтты.
Сотта Жарқынбек Сейтінбет өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін жеткізді.
Арыз беруші жақ әзірге үкімге түсініктеме бермеді.
Ал қорғау жағы үкімді апелляцияға беру-бермеу жағын ойлап жатқанын айтты.
74 жастағы Жарқынбек Сейтінбет - қоғамдық мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенді.
Ол соңғы жазбаларының бірінде "2016 жылғы жер мәселесінен кейін 20-дан аса сүйрелеп себепсіз полицияда жауап алумен болды. Соттады, айыпұл салды. Өткен 16 желтоқсанда 4 машина полиция шығармай үйде тұрды. Саясаттан кетсін деп жарыма да барып айтыпты, қорқытып балама телефон соғыпты. Бізден неге қорқады? Біздің айтатынымыз ұлт мүддесі, жер, тіл мәселесі, адал сайлау өтсін, әділетті демократиялық қоғам құрайық дейміз. Елі мен жерін, тілін, салт-дәстүрін, әділетті әр қазақ қорғауға міндетті" деп жазды.